Жаңалықтар

Нартай Аралбай: Заңға легионерлерге мемлекеттің бюджетінен бір тиын қаражат бөлінбеуі тиіс деген норма енгіздік

Фото: ашық дереккөз 
Мәжіліс депутаты өзінің парақшасында жаңадан тағайындалған туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновпен кездескенін, министрге спорт саласындағы былықты реттеу керегін, есепсіз ақшаны үнемдеу керегін, Спорт туралы Заңды дұрыс дайындау керегін ескерткенін жазды, деп хабарлайды qandastar.kz  Alash.KZ-ке сілтеме жасап.

Депутат:
«Ұлттық құраманы дайындауға жəне оның Париж Олимпиадасы ойындарына қатысуына 980 миллион теңге бөлінгенін айтты министрлік өкілдері. Жəне 2023 жылы республикалық бюджеттен спортқа 61,3 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл өте көп қаражат. Мемлекет басшысы Париж олимпиадасының жүлдегерлерімен кездескенде: «Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп əрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ деп санаймын. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен əлек» деді. Бұл өте үлкен сын» дейді.
Нартай Аралбайұлы спорт саласына бөлінген қаржының қайда кеткенінен халықтың хабарсыз екенін ескертеді.
Сұрақ көп, себебі нақты есепті, тиісті құжатты, қисапсыз қаржының нақты қайда кеткенін қарапайым халық көрген жоқ. Бюджеттің қаржысын қарпып алған федерацияларда үн-түнсіз отыр.
Мəжілісте «Спорт туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Жұмыс тобында Заңға легионерлерге мемлекеттің бюджетінен бір тиын қаражат бөлінбеуі тиіс деген норма енгіздік. Жəне квазимемлекеттік сектордан да легионерлерге мүлдем қаражат берілмесін деген норманы ұсындық. Жұмыс тобында қабылданды. Үкіметтің қорытындысына жолданды. Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас əрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды» дегенін Үкіметтің қаперіне салғым келеді, дейді.
Мәжілісмен министрлік тіркеп қойған саны бар, сапасы жоқ көп спорт түріне де тоқталыпты. 
Тағы бір өзекті мəселе, уағында министрлік тіркеп тастаған 180 спорт түрін азайту. Оның ішінде жоғары жетістіктер спорты деп танылған олимпиада, параолимпиада, сурдоолимпиада, азия, параазия жəне ұлттық спорт түрлеріне ғана қаражат бөлу керек деген норма бар. Жұмыс тобында қолдау тапты. Бұл өзгерістер де қазір Үкіметтің қорытындысында жатыр. Қолдайды деп ойлаймыз.
Желге ұшқан қисапсыз қаражатты ауыл спортын, бұқаралық спортты дамытуға жəне пара спортшыларды қолдауға бағыттаса жағдай əлдеқайда оңалар еді. Тасада қалған таланттарды тауып тəрбиелесек шетелдік спортшыларға күніміз қарамас еді. Себебі спорттық инфрақұрылым тұрмақ қарапайым алаңқайы жоқ ауылдар қаншама. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады» деп нақты тапсырма берді. Сондықтан бұл жұмысты Үкіметпен бірлесіп созбаққа салмай атқару міндет.
Оған қоса төмен жалақы алатын жаттықтырушылардың жұмыс сағатын реттеуді депутаттар ұсынды, жұмыс тобында қабылданды бұл нормалар, Үкіметке жолданды, қорытынды беріледі деп сенеміз.
Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close