
Алматы облысында шекара қызметінің қызметкері мен оның 7 жасар ұлының өмірін қиған қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы syrmedia.kz-ке сілтеме жасап.
6 желтоқсан таңертең Райымбек ауданындағы Нарынқол шекара заставасында әскери қызметшілерге арналған қызметтік үй өртенді.
50 шаршы метр аумақты шарпыған өртті төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сөндірді.
Үй ішінен түтінге тұншыққан екі адамның мәйіті табылды.
Қаза тапқандар – 31 жастағы Нарынқол шекара басқармасы бастығының орынбасары, капитан Серікболсын Айдарханов пен оның 7 жасар ұлы.
Әскери қызметші өртеніп жатқан үйден баласын алып шықпақ болған, алайда үйден шыға алмаған.
Анықталғандай, капитан балалар үйінің тәрбиеленушісі, марқұм ұлы ерекше күтімді қажет ететін бала болған.
Офицердің артында әйелі мен тағы екі кішкентай баласы қалды.
Сондай-ақ өртті сөндіру кезінде бір сарбаз зардап шеккен. Оның бетін күйік шалған.



