Жаңалықтар

Наталья Мишукова: Қазақ тілінде қатырып жаза алмаса да, оның мағынасын түсінетіндердің көбейгені қуантады

Фото: Автордың архивінен

Қызылордалық Наталья Мишукованы мағынасы, тарихи тамыры тереңде жатқан ұлттық салт-дәстүр қызықтырады, деп жазады Qandastar.kz.

Наталья Мишукова – Сыр өңіріне таныс есім. Ол жоғары санатты мұғалім. «Мансап» жеке мектебінің құрылтайшысы, Қазақстандық үздіксіз білім беру ассоциациясының Қызылорда филиалы директоры, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Атамекен» ҰКП бизнес-тренері. Бірақ оның басты ерекшелігі – мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, барлық сабақтарын қазақ тілінде жүргізеді.

Наталья өзін «капитан қызы» деп атайды. Ол Арал қаласында балық аулау флотының капитаны Валентин Федорович Мишуковтың отбасында дүниеге келген.

1956 жылы туған мәскеулік Гурьев балық аулау училищесін бітіріп, Арал теңізіне әскери борышын өтеуге келеді. Мұнда Арал ауданы, Бөген ауылының тумасы Елисеева Анна Семёновнамен отбасын құрады.

Капитан теңізді зерттеп қана қоймай, әлі де жұмыс істеп тұрған балық шаруашылығы тарихи мұражайының негізін қалаушылардың бірі болды.

Наталья бала кезінен қазақша сөйлейді. Тілінің қазақша шығуына көшедегі ойын балалары мен балабақша септігін тигізді. Тіпті 3-сыныпта жүрген қазақ тілін жетік меңгеруге кірісіп кетті. Себеп болған диктант бағасынан алған «екілік» еді. Барлық жағынан белсенді Наталья үшін ол қатты соққы болды.

– Сол кезде менімен жұмыс істеп, қазақ тілін тереңдетіп оқытқан Мереке ағайға алғысым шексіз. 6 сыныпта-ақ нәтиже көрсетіп, қазақ тілінен олимпиадалар мен түрлі бағыттағы конкурстан жүлделі орындар алдым. 10-сыныпта жүргенде домбыра үйреніп бастадым. Киелі аспап асығымның алшысынан түсуіне септігін тигізсе керек. Бітіретін жылы олимпиадада жеңіске жетіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «Орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығына грант ұтып алдым, – деп есіне алды. Н.Мишукова.

Университетті тәмамдағаннан кейін Наталья №3 және «Парасат» мектептерінде жұмыс істеді. Сондай-ақ қосымша №144 мектепте ғылыми қызметке кірісіп кетті.

– Мектеп директоры Балайым Ниязбекова менің қабілеттерімді ашты десем де болады. Жоғары сыныптарға сабақ беріп жүріп, түрлі педагогикалық конференцияларға қатысты. Осылайша 12 жылдық білім беру бойынша пилоттық жобасына бірінші болып орыс тілі оқулықтарына салыстырмалы талдау жүргіздім. Мектеп жанынан шағын орталықтар аша бастағанда, «Бейбарыс» шағын орталығына үш тілде білім берудің алғашқы бағдарламасын жаздым. 10 жылдық тәжірибеммен «Балапан» бағдарламасы аясында «Дамир», одан кейін «Томирис жүрегі» және «Сыр балажаны» балабақшаларына басшылық еттім. Қосымша іскерлік сауатымды дамытып жүрдім. Осылайша бүгінде құрамында 210 қалалық және 390-ға жуық ауылдық балабақшаларды біріктіретін «Үздіксіз білім беру қауымдастығы» филиалын басқардым. Бұл сенім мемлекеттік тілді жетік меңгеруімнің арқасында берілді деп ойлаймын, – деді ұстаз.

Наталья бала күнінен қазақтың ұлттық салт-жоралғыларын орындауды үйреніп өсті. Сондықтан бала күнімдегі жеген бауырсақ, сары май және «ащы кәмпиттің» дәмі әлі ауызымда дейді.

– Бала күнімізде той болып жатқан үйден шыққан көліктерге арқан тартатынбыз, олар ақша немесе тәттілер беріп жолын ашып алатын. Осындай сынды әдет-ғұрыптар ұнайтын. Бүгінде қазақ отбасының келінімін. Жолдасым Қанат Бақытбекұлы Телеубаев Кіші жүздің Үңгіт Жаппас руының азаматы. Отбасының ұйытқысы ретінде бірден екі ұлттың орыс және қазақтың салт-дәстүрін бірге ұстанып отыру үлкен мәртебе. Балаларымыз да екі тілде еркін сөйлеп, барлық дәстүрді құрметтейді, – деді ол.

Осы күндері Үздіксіз білім беру қауымдастығының филиалы «Сенімен болашақ» ҚБ және «Әйелдер күштерінің альянсы» ұйымымен меморандумға қол қойып, отбасылық дәстүрді жаңғырту мақсатында балабақшалардың бірінде пилоттық режимде «Әжелер мектебі» мен «Аталар мектебі» жобаларын жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, Наталья Мишукова «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» бағдарламасының тәлімгері ретінде облыстың елді мекендерінде қазақ тілін оқыту курстарын жүргізеді.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, жерлестерді қаржылық сауаттылыққа оқыту тегін жүргізіліп келеді. Натальяның тәжірибесі мол – ол бірнеше жылдан бері өңірдегі кәсіпкерлерді қазақ тілінде «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында оқытып келеді.

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне тоқталған Наталья Сыр өңірі халқының 98 пайызға жуығы қазақ тілінде сөйлейтінін атап өтті.

– Байқағаным, тіпті қазақ тілінде жаза алмайды дегендер ауызекі тілді түсінеді. Әсіресе, жастар үшін қуанамын. Қазіргі өскелең ұрпақ – білімді, – деп түйіндеді әңгімесін.

 

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close