
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жиында реформаларды нақты іске асыру, әлеуметтік саланы жаңғырту және цифрландыру жұмыстарын жеделдету мәселелері талқыланды.
Кеңес барысында Премьер-министр Президент көтерген негізгі бағыттарға тоқталып, жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін маңызын атап өтті.
«Кеше Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасының мән-маңызына тоқталды. Өзгерістердің ауқымы мен маңыздылығы, талқылау процесінің ашық жүргізілуі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
Президентіміз атап өткендей, жаңа Конституция жобасында “адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін” қағидаты айқындала түскен. Конституциялық реформаның көздеген мақсаты да осы – ауқымды саяси жаңғырумен қатар, экономиканың сапалы өсу қарқынын арттыра түсуге бағытталып отыр. Яғни, бірінші кезекте, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілуге тиіс. Бұл – біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жүйелі мәселелерді шешу, цифрландыруды жеделдету, шығындардың ашықтығын арттыру, кадр даярлау және әлеуметтік саланы бірыңғай цифрлық платформалар арқылы басқару міндеттері қойылды.
«Әлеуметтік әмиян», цифрлық әлеуметтік профильдер, медициналық деректердің бірыңғай қоймасы секілді жобаларға ерекше назар аударылды.
Нақты тапсырмалар берілді:
• білім беру саласында бюджет қаражатының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
• Кәсіптерді трансформациялаудың ұлттық орталығын құру;
• Медициналық деректердің бірыңғай қоймасын іске қосу;
• Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін цифрландыру;
• Отбасының цифрлық картасы негізінде әлеуметтік профильдер қалыптастыру;
• әлеуметтік қолдаудың барлық түрін «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне біріктіру.
Кеңес соңында Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға нақты нәтиже талап етілетінін қатаң ескертті.
«Көріп отырғанымыздай, алдымызда тұрған мақсат-міндеттердің ауқымы өте үлкен. Мемлекет басшысы атап өткендей ойланып-толғануға уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет.
Тағы да қайталап айтамын, халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру – атқарылатын жұмыстың нақты нәтижесі болуға тиіс. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Президент тапсырмаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.



