Жаңалықтар

«Нацист, фашист»: Алматыда кафе иесі қазақша мәзір талап еткен ер адамды қорлаған

Фото: Stan.kz

Күні кеше Алматыдағы «Братский шашлык» кафесінде қазақша мәзір сұраған тұтынушыға 2ГИС қосымшасында мекеме өкілі «Нацист», «фашист» деп пікір қалдырған. Артынша пікірін өшіріп, ер адамды бұғаттап тастаған. Кафе мемлекеттік тілде жауап беруге міндетті емес екенін ашық мәлімдеген. Желі қолданушылары дәмханаға бойкот жариялап, қазақша мәзірді талап ету заңды құқықтары екенін атап өтті, деп хабарлайды qandastar.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Досғали Әміров 2ГИС қосымшасында «Братский шашлык» кафесінен қазақша мәзір сұрап пікір қалдырған.

«14 мамырда Алматыда Ақбақай көшесі 2/Садуақасов көшесі 120 қиылысында орналасқан «Братский шашлык» деген кафеде түскі ас іштік. Мәзір қазақша болмады. Артынан 2ГИС картасында өз пікірімді қалдырған едім. Кафенің жауабына өздеріңіз баға беріңіздер. Артынан өшіріп тастапты», – деп түсіндірді Досғали Әміров.

Кафе ер адамға «Сен бәрін түсініп тұрсың ғой, неге ақымақ кейпін танытып тұрсың? Нацист, фашист. Егер пікірді өшірмесеңдер, қонақтарды күтіңдер!» деп жауап берген.

Кафе «Сәлеметсіз бе, біз сіздің тіліңізде жауап беруге міндеттіміз бе, әлде мемлекетімізде ондай заң бар ма?» деп пікір қалдырған. Бұл пайдаланушы да енді полицияға арыз жазуды ойлап отыр. Тағы бір қолданушы бұл жағдайға қосылып, қазақ тілінде пікір қалдырсаң, 2ГИС модерациядан өткізбейтінін, әрі олардың қай кафе мен мейрамханаға барғаның туралы ақпаратты салық органдарына бере алатынын айтып, 2ГИС-ті пайдаланбауға кеңес берген.

Бұдан бөлек, кафе TikTok парақшасында мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін еліміздегі қос тілдің қолданысына қатысты мәлімдесінің видеосын шығарған. Алайда біраз уақыттан кейін өшіріп тастаған.

Артынша «Братский шашлык» кафесі ресми парақшасында қонақтардан кешірім сұрап, әрқашан қазақ тілінен құрметпен қарайтындарын жеткізді.

«Құрметті Қонақтар! Келтірілген қолайсыздықтар үшін шын көңілмен кешірім сұраймыз. Сонымен қатар біздің атымыздан кім жауап беріп жатқанын білмегенімізді атап өткіміз келеді. Бірақ сіздерге сендіргіміз келеді. Бұл жағдай біздің ұстанымымызға және құндылықтарымызға мүлде сай келмейді. Біз қазақ тіліне үлкен құрметпен қараймыз және оны жоғары бағалаймыз. Барша қазақ халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз Қазақстанды, қазақ тілін және халқымыздың дәстүрлерін шын жүректен жақсы көреміз әрі ерекше қадірлейміз. Қызметкерлер арасындағы орын алған түсініспеушілікке байланысты тиісті шаралар қолданылып, аталған қызметкер жұмыстан босатылды. Тағы да шын жүректен кешірім сұрай отырып, түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз», – деп жауап берді «Братский шашлык» кафесі.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close