Қаржы және төлемдер
«Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламалары қашан басталады?

Ләззат Ибрагимова 5 наурыздан бастап банк порталында «Наурыз» бағдарламасына өтінім қабылданатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, оған барлық қазақстандықтар, соның ішінде халықтың осал топтарының өкілдері, жас отбасылар, жұмыс істейтін жастар, тұрғын үй төлемдерін алатын банк салымшылары, сондай-ақ қалалар мен ауылдық елді мекендердің еңбекке қабілетті халқы қатыса алады. Бұл ретте қатысушылардың ресми табысы болуы тиіс.
«17 наурызда «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі – «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы іске қосылады. Барлығы екі бағдарлама қарастырылған: «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер». Олардың айырмашылықтарына тоқталып өтсем. «Наурыз» бағдарламасы жас отбасыларға көбірек бағытталған, онда барлық өтінімдер otbasybank.kz арнайы порталында қабылданады, іріктеу үлкен конкурс бойынша өтеді. Өтінімдерді қабылдау 31 наурызға дейін жалғасады. Іріктеу кезіндегі негізгі критерийлердің бірқатары – соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйдің болмауы және жинақта қажетті соманың болуы», – деді ол.
Zakon.kz жазғандай, жұмысшы кадрларға арналған ипотекалық бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер банктің филиалдарында қабылданады.
«Процесс келесідей: қазіргі уақытта жұмысшы мамандықтары бойынша жұмыс істейтін адамдар басымдыққа ие болады. Өтінімдерді қабылдау нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады – кімде-кім бірінші болып филиалға жүгінсе, бірінші болып пәтер таңдау және несие ресімдеу мүмкіндігін алады. Өтінім беру үшін жұмыс орнынан анықтама қажет, оның негізінде банк қызметкерлері ұйымның ПИН-кодын және оның салалық тиесілігін тексереді. Бірінші кезекте бағдарлама тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларындағы жұмысшы мамандарды, сондай-ақ энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары қызметкерлеріне қолдау көрсетеді», – деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова.
Артынша өтініш берушінің мамандығы тексеріледі – бағдарламаға тек сынама алушылар, техниктер, технологтар, жүргізушілер сияқты жұмысшы мамандықтарының өкілдері ғана қатыса алады. Осы ұйымдарда жұмыс істейтін, бірақ кеңсе лауазымдарын атқаратын қызметкерлер – кеңсе менеджерлері, PR-менеджерлер, бухгалтерлер және т.б. бағдарламаға қатыса алмайды.
«Саланың ПИН-кодын, ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) мен мамандығын тексергеннен кейін өтініш беруші пәтер таңдай алады. Қарыздың максималды сомасы Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңгені, ал қалған облыс орталықтарына 30 млн теңгені құрайды. Сатып алынатын тұрғын үй Baspana Market порталында таңдалады, онда жылжымайтын мүлік құнының негізсіз өсуін болдырмау үшін шаршы метрдің бағасы белгіленеді. Егер жұмысшы, мысалы, теміржолшы Астанаға жақын №80, 90 немесе 96 разъезд ауданында болса және бастапқы тұрғын үйі жоқ аудан орталығында немесе моноқаладан тұрғын үй сатып алғысы келсе, бағдарлама қайталама нарықтағыны сатып алуға рұқсат береді», – деп атап өтті «Отбасы банкі» басшысы.
Егер пәтерді құрылыс салушы әрлеумен ұсынса, онда бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10%-на дейін төмендетіледі.