Жаңалықтар
Наурыздан бастап кейбір смартфондар «қара тізімге» енуі мүмкін

Фото: ашық дереккөз
24 наурыздан бастап абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа ережелер Қазақстан аумағына жаңадан әкелінген смартфондарға ғана қатысты болмақ, деп жазды qandastar.kz
Ел аумағында бұрыннан бар және Идентификациялық кодтар дерекқорына енгізілген телефондар автоматты түрде «ақ тізімге» енеді әрі ешқандай шектеусіз жұмысын жалғастыра береді.
«Бұл жаңашылдықтар тіркеу жүйесін одан әрі жақсартып, алаяқтықпен күресуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және мобильді құрылғыларды пайдалану қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазақстанда шамамен 3,7 миллион қайталанған IMEI-коды бар құрылғылар тіркелген», — деп хабарлады Цифрлық даму министрлігі.
Верификация нәтижесінде смартфондар үш санатқа бөлінеді:
Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.
Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауы тиіс.
Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.