Назарбаев университетінде (NU) қатерлі ісікке қарсы әзірленген жаңа дәрі-дәрмек клиникалық сынақтардың алғашқы кезеңдерінде оң нәтиже көрсетті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы журналист Самат Ысқақовтың жазбасына сілтеме жасап хабарлады.
Атап айтқанда, тоқ ішек қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарда ісік көлемі шамамен 30 пайызға дейін кішірейген. Қазіргі уақытта препараттың екінші кезеңдегі сынақтары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта үшінші кезеңнен сәтті өтсе, дәрі жаппай өндіріске жіберілуі мүмкін.
Сонымен қатар университет ғалымдары агроөнеркәсіп қалдықтарынан, оның ішінде жүгері қауызынан гипертонияға қарсы белсенді зат ойлап тапқан. Бұл жаңалық экология мен медицина саласы үшін маңызды, себебі Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 миллион тонна ауыл шаруашылығы қалдықтары утилизацияланады. Енді бұл қалдықтар пайдалы мақсатта қолданылуы ықтимал.
Бұдан бөлек, NU-де жасыл энергетика, сутек технологиялары, суперкомпьютерлер мен басқа да жоғары технологиялық бағыттар бойынша әзірлемелер таныстырылып, университеттің жыл қорытындысы жарияланды.



