Жаңалықтар
Назарбаев университетінің студенті жатақхананың терезесінен құлап кетті

Фото: 2GIS
Назарбаев университетінің студенті жатақхананың терезесінен құлап кетті. Ақпаратты университет өкілдері растады, деп жазды qandastar.kz
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 15 тамызда болды, бірақ ақпарат 19 тамызда ғана пайда болды. Желі қолданушылары бойжеткеннің 22 жаста екенін, оның 12-қабаттан секіріп кеткенін жазады.
Бейресми дереккөздер өз-өзіне қол жұмсауға жеке қарым-қатынастар себеп болуы мүмкін дейді. Яғни оқу орнының еш қатысы жоқ.
«Біздің кампус аумағында болған қайғылы оқиға туралы өкінішпен хабарлаймыз. Университет марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтады. Біз төтенше жағдайлар қызметі мен құқық қорғау органдарын жұмылдырдық. Қазір студенттерге де, қыздың жақындарына да психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр», – деп түсіндірді университет.
Астана полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Полицейлердің мәліметінше, марқұм 22 жаста және жатақхананың 12-қабатынан құлап мерт болған.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті департаментте.
Еске салсақ, бұған дейін студент қыз ҚазҰУ ректоратының 14-қабатынан секіріп кеткен еді. Ал бір ай бұрын Назарбаев университеті жатақханасынан студенттің мәйіті табылған еді.