Саясат

Назарбаевтың немересінің екінші азаматтығы мен Мәскеудегі қымбат пәтері анықталды

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Тимур мен Динара Құлыбаевтардың үлкен ұлы Алтай Асқардың Кипр азаматтығын алғаны және Мәскеуде пәтері бары белгілі болды. «Выход к морю» Telegram арнасының дерегіне сүйенсек, Алтай Асқар 2019 жылы Кипрдің «алтын паспорт» бағдарламасы бойынша өтініш жасап, сол жылы азаматтық алған. Бұл құжатқа шамамен 1 миллиард теңге жұмсалған, деп жазды qandastar.kz

Кейін бағдарлама Еуроодақ қысымымен жабылды. Бағдарлама арқылы жалпы 7 мыңнан астам адам, оның ішінде инвесторлар мен олардың туыстары Кипр азаматтығын алған. Кейін Кипр билігі бағдарламамен алынған азаматтықтарды тексеріп, шамамен 150 адамды, соның ішінде белгілі шетелдік кәсіпкерлерді, азаматтықтан айырды.

Алтай Асқардың Кипр азаматтығынан бөлек, Швейцария резиденттік картасы да бар. Ол әкесінің серіктесі Бахаридин Аблазимовпен бірге америкалық ORBI стартапына инвестиция салғанда негізгі тұрғылықты жері ретінде Швейцарияны көрсеткен. Құлыбаевтар отбасы осы елде әйгілі Беллерив қамалына иелік етеді. 2025 жылы Женева прокуратурасы бұл қамалды сатып алу көздерінің заңдылығын тексеруді бастаған.

Сонымен қатар, Алтай Асқар Ресей астанасында да жылжымайтын мүлікке ие. Ол Мәскеу-Ситидегі «Меркурий» мұнарасының 47-қабатынан 114 шаршы метрлік пәтер иеленген, бағасы шамамен 400 миллион теңге. Дубайдағы Palm Jumeirah аралында орналасқан Marina Residences кешенінде оның 633 шаршы метрлік тағы бір пәтері бар, құны шамамен 2 миллиард теңге.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button