Жаңалықтар

Назарбаевтың тағы бір туысы Дубайдағы қымбат пәтердің иесі атанды

Фото:Dalanews.kz

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір туысынан Дубайдан элиталық пәтер табылды, деп хабарлайды qandastar.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап. 

520 млн теңгелік пәтер

«Выход к морю» телеграм арнасының мәліметінше, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туысы Ақмарал Есполованың Дубайда элиталық Paramount Tower тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алғаны белгілі болды. Аумағы 150 шаршы метр үш бөлмелі пәтер мен 15 шаршы метрлік террасасы бар жылжымайтын мүлік қазір жергілікті нарықта шамамен 3,5 млн дирхамға немесе 520 млн теңгеге бағаланып отыр.

Көпқабатты зәулім ғимарат Paramount Tower Hotel & Residences 2021 жылы Дубайдың Бизнес-Бэй ауданында Қытайдың мемлекеттік құрылыс корпорациясы салған. Ғимараттың 66 қабатынан 15–25-қабаттар қонақүйге, ал 26–63-қабаттар элиталық тұрғын үйлерге арналған. Ең жоғарғы қабатында бассейн орналасқан.

Ақмарал Есполова — Әсел Құрманбаеваның әпкесі, ал Әсел Нұрсұлтан Назарбаевтың жары ретінде көпшілікке белгілі. Ақмарал мен Әсел — академик Тлектес Есполовтың қыздары.

Айта кетерлігі, академик Тлектес Есполовтың ұлы Айдос Есполов бір кездері Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың қызы Гүлмираға үйленген. Олардың Нұрсайын есімді ұлы бар.

Нұрсайын Есполов көпке дейін көпшілікке бейтаныс тұлға болған. Алайда Қаңтар оқиғасы кезінде ол атасымен бірге Қырғызстан шекарасынан өтпек болғанда көзге түсіп, журналистер назарын аударды. «Орда» басылымы тіпті оның төңірегінде Назарбаевтар әулетіне «қосылу теориясын» ұсынған. Алайда Нұрсайын — Болат Назарбаев пен Тлектес Есполовтың туған немересі. Осылайша, академик Есполов Назарбаевтар әулетімен екі бағытта құдаласып, өз отбасын элиталық кланға кіріктірген.

Элиталық активтері бар, бірақ жұмыс істемей тұрған бизнес

Ақмарал Есполова туралы ашық деректер аз. Ол бір кездері «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» АҚ-ның 30%-ға жуық үлесіне ие болған. Бұл компанияда белгілі бизнесмендер Александр Клебанов пен Сергей Канмен бірге үлес иеленген. Кейін энергетикалық активтер құрылымы өзгеріп, үлестер қайта бөлінген.

Сондай-ақ, Есполова Астанада тіркелген YN LLC құрылыс компаниясының иесі. Алайда салық түсімдеріне қарағанда, компания айтарлықтай белсенді жұмыс істемейді.

Ақмарал Есполова Біріккен Араб Әмірліктерінен жылжымайтын мүлік иеленген жалғыз Назарбаев емес. «Азаттық» радиосы бұған дейін Назарбаев әулетіне тиесілі ондаған миллиард теңге тұратын виллалар мен пәтерлер жайлы жазған болатын. Дубайдан бөлек, отбасы мүшелері елдің өзге әмірліктеріне де инвестиция салып жатыр.

Мысалы, өткен жылы Тимур Құлыбаевтың испан компаниясы Абу-Дабидегі жабық Nudra Villas кешенінде люкс вилла құрылысын бастаған. Жобаның құны шамамен 24 млн долларды немесе 10 млрд теңге.

АҚШ-та орналасқан халықаралық қылмыс пен қақтығыстарды зерттейтін коммерциялық емес ұйым — Қорғаныс зерттеулерінің перспективалық орталығының есебінше, Дубайда Қазақстан азаматтарына тиесілі жылжымайтын мүліктің жалпы құны 1 миллиард доллардан асады. Бұл қазіргі бағаммен 550 млрд теңгеге тең.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close