Спорт

Назым Қызайбай Олимпиада медалі үшін сыйға алған көлігін сатуға шығарды

Қазақстандық боксшы, Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай медаль үшін сыйға алған автокөлігін сататынын мәлімдеді. Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында жазды,  деп хабарлады qandastar.kz. 

Назымның айтуынша, 2025 жылға қойған мақсаттарының басым бөлігі орындалған. Ол өміріндегі үш үлкен арманын атап өтті: үш дүркін әлем чемпионы атану, ата-анасына үлкен үй сыйлау және жеке бокс залын ашу.

«Алғашқы екі мақсатым орындалды. Үш дүркін әлем чемпионы атандым. Биыл екі әлем чемпионаты өткендіктен, өз рекордымды жаңартқым келді, бірақ екіншісінде күміс жүлде алдым. Осылайша әлем чемпионаттарындағы жүлделерімнің толық жиынтығы бар. Сонымен қатар ата-анама үлкен үй алып бердім. Енді үшінші арманымды — өз бокс залымды ашуды биыл жүзеге асырғым келеді», – деп жазды спортшы.

Осыған байланысты Назым шағын ғимаратты қарастырып қойғанын және сол арманын іске асыру үшін маңызды қадамға баруға дайын екенін айтты.

«Өзімнің әдемі көлігімді сатамын. Бұл автокөлік маған Олимпиададан кейін сыйға берілген. Бір жылдан астам уақыт міндім, жағдайы жақсы. Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл шешімге келдім», – деді ол.

Айта кетейік, спортшы көлігін жақсы көретінін, алайда өз мақсаты жолында оны сатуға дайын екенін жеткізді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button