
Непал мен Қытай шекарасында болған жойқын су тасқынының салдары ауыр болып отыр.
Табиғи апаттан қаза тапқандар саны 150-ден асып, жүздеген адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі апат аймағында қазақстандық әйелдің жоғалғанын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол туристік топтың құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен. Қазір оның нақты қай жерде екені белгісіз. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен байланыста болып, іздестіру жұмыстарына қатысып жатыр.
Непалдағы жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, апаттан кемінде 157 адам қаза болған. Ал 400-ден астам туристің тағдыры әзірге белгісіз.
Қытайдың Тибет аймағында да жағдай күрделі. Қытайлық БАҚ мәліметінше, жүздеген адам жоғалған, олардың арасында шетел азаматтары да бар. Деректер тұрақты жаңарып жатқандықтан, із-түзсіз кеткендер саны туралы түрлі мәлімет тарауда.
Апат салдарынан жолдар мен көпірлер қирап, құтқару жұмыстары қиындаған. Құтқарушылар жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр.
Тасқынның күші жануарларды да ағызып әкеткен. Әлеуметтік желіде тараған кадрларда бес пілдің қатты ағынмен Үндістан аумағына жеткені көрінеді. Құтқарушылар оларды аман алып қалған.
Қазақстан СІМ жағдайды бақылауда ұстап, жоғалған азаматшаны іздеу бойынша жергілікті органдармен жұмысты жалғастырып жатыр.



