Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Непалдағы апаттан кейін Алматыдағы сел қаупі қайта талқыланды

Непалда болған жойқын селден кейін Алматы маңындағы таулардың қауіпсіздігі қоғам назарын қайта аударды. Сарапшылар өңірде табиғи тәуекелдердің барын айтқанымен, құтқару қызметтері қазіргі уақытта қалаға тікелей қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Непалда болған жойқын селден кейін Алматы маңындағы таулардағы табиғи қауіптер мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Сарапшылар өңірде мұздықтар, тау көлдері және тұрақсыз беткейлер болғандықтан, сел қаупін толық жоққа шығаруға болмайтынын айтады. Алайда құтқару қызметтері қазіргі уақытта Алматыға тікелей қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК арнасына сілтеп хабарлады.

Непалдағы апат салдарынан соңғы мәліметтер бойынша 550 адам қаза тауып, мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалған. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желілерде кейбір қазақстандықтар Алматы маңындағы тауларды Гималаймен салыстырып, ықтимал қауіп туралы пікір білдіре бастады.

Мамандардың айтуынша, Алматы үшін дәл қазір алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен өңірдің табиғи ерекшеліктері сел жүру қаупін әрдайым бақылауда ұстауды талап етеді. Қатты жауын-шашын кезінде қаланың кейбір аудандарын су басуы таулы аумақтардан келетін қауіптің бар екенін көрсетеді.

Геолог-физик Арман Серғазин әсіресе Наурызбай ауданындағы жағдайға және «Ақсай» бөгетінің құрылысына назар аударды. Оның айтуынша, бұл мәселе 2024 жылдан бері өзекті болып келеді. Сарапшының сөзінше, бөгеттің құрылысы әлі толық аяқталмағандықтан, нысанға қатысты мәселелер бақылауда болуы қажет.

Ал «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары тұрғындарды негізсіз дүрбелеңге берілмеуге шақырады. Ведомство мәліметінше, сел қаупі бар кезеңде тау көлдері тұрақты түрде бақылауға алынып, әуеден мониторинг жүргізіледі. Қажет болған жағдайда су деңгейі алдын ала төмендетіліп, эвакуациялық арналары тазаланады.

Алматы филиалы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Алишер Тоқтасынның айтуынша, қазіргі уақытта таудағы ахуал тұрақты және толық бақылауда. Сондықтан дәл қазір Алматыға Непалдағыдай ауқымды табиғи апат қаупі болжанып отырған жоқ.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button