Әлем жаңалықтарыӘлеумет және қоғамЖаңалықтар

Непалдағы жойқын тасқын: екі қазақстандықты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апаттан кейін екі қазақстандық азаматтан хабар-ошарсыз кеткен. Қазақстан СІМ жергілікті органдармен бірлесіп іздеу жұмыстарын жүргізіп, олардың туыстарымен байланыста отыр. Апат салдарынан Непалда жүздеген адам қаза тауып, жүздеген тұрғын әлі табылмай жатыр.

Непал мен Қытай шекарасындағы жойқын су тасқынынан кейін екі қазақстандық азаматты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлады, дейді Qandastar.kz.

Із-түзсіз жоғалған азаматтардың бірі туристік топ құрамында болған және шекара арқылы өткен. Қазір СІМ жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, іздеу-құтқару жұмыстарына қатысып жатыр. Сонымен қатар министрлік жоғалған қазақстандықтардың туыстарымен тұрақты байланыста.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Непалдағы табиғи апатқа қатысты қазақстандық азаматтардың жағдайы туралы ақпарат таратқан болатын. 27 тамыз кешіндегі мәлімет бойынша, Қазақстан азаматтары қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болмаған.

Кейін қазақстандықтардың бірімен байланыс үзілгені анықталды. Қазір іздеу жұмыстары Непалдың Қытаймен шекаралас таулы Расува ауданында жүргізіліп жатыр. Бұл аумақта ауқымды іздеу-құтқару операциясы ұйымдастырылған.

Апат салдарынан Непалда қаза болғандар саны 469 адамға жеткен. Сонымен қатар 800-ге жуық адамнан әлі хабар жоқ.

Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, көршілес Тибет аумағында кемінде үш адам қаза тапқан. 550-ден астам адам су тасқыны басталғаннан бері байланысқа шықпаған. Хабар-ошарсыз кеткендердің арасында туристер де бар.

Непалда іздеу-құтқару операциясына 13 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында армия, қарулы полиция және ұлттық полиция қызметкерлері бар. Ел премьер-министрі Балендра Шах зардап шеккен өңірлерді аралап, операцияның барысын бақылауда.

27 тамызда апаттан зардап шеккен аймақтарға 69 әуе рейсі ұйымдастырылып, олардың көмегімен 573 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Сонымен бірге тұрғындар үшін уақытша орналастыру орталықтары ашылып, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Үкіметтің негізгі міндеттері – адамдарды құтқару, жоғалғандарды іздеу және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету.

Апатқа не себеп болды?

Жойқын су тасқыны 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстігінде болған. Қатты су ағыны өзен арнасынан асып, бірнеше елді мекенді басып қалған.

Табиғи апат аймақтың инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келтірді. Бірқатар тұрғын үй қирап, жолдар мен энергетикалық нысандар зақымданған.

Алдын ала болжам бойынша, апатқа жер сілкінісі себеп болуы мүмкін. Жерасты дүмпулерінен кейін көшкін жүріп, Бхоте-Коси өзенінің арнасы бөгелген деген болжам бар. Соның салдарынан жиналған су төмен қарай үлкен жылдамдықпен ағып, елді мекендерді басқан болуы ықтимал.

Қазір апат болған аумақта құтқарушылар, әскери қызметкерлер мен полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр. Олар су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен аумақтарды тексеріп, жоғалған адамдарды іздеуді жалғастыруда.

Back to top button