Жаңалықтар

Несие ала алмай қалуыңыз мүмкін: МӘМС қарызы жаңа кедергіге айналады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банктерді қарыз алушылардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша қарыздарын да тексеруге міндеттемек, деп жазады qandastar.kz

Жаңа ережелер жобасына сәйкес, банктер клиенттің МӘМС, міндетті әлеуметтік сақтандыру және басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар-жоғын анықтаулары тиіс. Себебі, бұл мәлімет қарыз алушының тәуекел-профиліне әсер етіп, несие беру жөніндегі шешімді өзгертуі мүмкін.

Құжатта МӘМС енгізілген сәттен бері көпшілік тұрақты төлем жүргізіп отырғанымен, белгілі бір санаттағы азаматтардың қомақты қарызы жиналғаны айтылады.

«МӘМС бойынша берешектің болуы банктер үшін тәуекелдер бар екенін көрсетеді. Міндетті төлемдерді уақытылы немесе әдейі төлемеу қарыз алушының қаржылық жауапкершілігінің төмендігін білдіреді және оның несие міндеттемелерін орындамау ықтималдығын арттырады. Сонымен қатар, МӘМС төлемеген азаматтар сақтандыру медицинасына қатыспайды, ал науқастану немесе еңбекке жарамсыздық кезінде олардың төлем қабілеті төмендеп, банктер үшін тәуекел көбейеді», – делінген құжатта.

Өзгерістер тек ірі көлемде несие рәсімдейтін клиенттерге қолданылады. Яғни, ірі банктерде – клиенттің несие сомасы мен шартты міндеттемелері банктің меншікті капиталының 0,01%-нан жоғары болса, ал шағын банктерде – бұл көрсеткіш 0,02%-дан аса жағдайда. Мұндай қарыз алушылар үшін банк кеңейтілген талдау жүргізеді.

Бұл жағдайда банктер клиенттерге кеңейтілген тексеріс жүргізеді. Жаңа талап бойынша бұл тексеріске МӘМС қарыздары туралы ақпарат та ресми түрде енгізіледі.

Бұл бастама несиелік тәуекелдерді басқару ережелерін жаңартудың бір бөлігі. Ережелер банктердің қарыз алушылардың төлем қабілетін, қарыз жүктемесін және міндетті төлемдерге қатысты тәртібін қалай бағалайтынын нақтылайды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button