Экономист Айбар Олжай Қазақстандағы кредит саясатына енгізілген негізгі өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, мемлекет соңғы жылдары азаматтарды алаяқтықтан қорғауға және қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған шараларды қабылдады, деп хабарлайды qandastar.kz
Енді мерзімі 90 күннен асқан несиелерге пайыз бен айыппұл есептелмейді, кейін қарыз қайта құрылымдалып, қарыз алушыға жаңа төлем кестесі ұсынылады. Банктер мен МҚҰ-дың жылдық тиімді мөлшерлемесіне шекті деңгей қойылды: кепілсіз несиелер – 46%, кепілмен берілетіндер – 35%.
3,6 млн теңгеден асатын несиеге жұбайының келісімі қажет. Азамат өз атынан несие алуға тыйым сала алады. 500 мың теңгеден жоғары онлайн кредит 8 сағат, 1 млн теңгеден жоғары кредит 24 сағат күтумен рәсімделеді.
Банкроттық рәсімі енгізіліп, 18 мың адам қазірдің өзінде банкрот деп танылды. Мемлекет қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
“Егер бұл шаралар дер кезінде қолға алынбағанда, бүгінде көпшілігіміз алаяқтардың құрбаны болып, банктерге жоғары мөлшерлемелермен қарыз төлеп отырған болар едік. Жүргізілген кешенді жұмыс өз бағасын алуы тиіс”, – деді экономист.



