Биыл Назарбаев Университеті (NU) өз тарихындағы ең көп шетелдік студентті қабылдады. Осылайша университеттің халықаралық студенттер қауымы кеңейіп, білім алушылардың географиясы ұлғайып келеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қазіргі таңда NU-да әлемнің 40 елінен келген студенттер білім алып жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Жапония, Қытай, Вьетнам, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтары бар.
Жаңа оқу жылы басталар алдында шетелдік студенттерге арналған ақпараттық сессия ұйымдастырылды. Кездесуде олардың университетке бейімделуі, оқу үдерісіне интеграциялануы, сондай-ақ білім алу кезінде қолжетімді қолдау тетіктері мен ресурстар таныстырылды.
NU-дың студенттік істер және халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова жаңа студенттерге арнаған сөзінде университеттің қалыптасу тарихына тоқталып, оның түлектері бүгінде Қазақстанда және шетелде түрлі салаларда еңбек етіп жүргенін айтты.
Оның сөзінше, NU түлектері халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп, жеке компаниялар мен стартаптар құрып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып жүр. Ол студенттерді университет өміріне белсенді араласуға, тағылымдамалардан өтуге және кәсіби даму мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.
Өз кезегінде NU вице-президенті Әсел Увалиева шетелдік студенттердің университет қауымдастығына қосылуы оқу орнының дамуына үлес қосатынын атап өтті.
Оның айтуынша, студенттердің Қазақстан мен университет туралы өз елдеріндегі достары мен жақындарына айтқан әңгімелері, бөліскен тәжірибесі мен әсерлері елдің халықаралық имиджіне ықпал етеді. Университет өкілі NU туралы ең шынайы ақпаратты дәл осы жерде білім алып жатқан студенттердің жеке тәжірибесі беретінін атап өтті.



