
Шымкентте Нұрай ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қызды некеге тұруға мәжбүрлеп, кейін аңдып жүрген ер адам оны аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 4 қазанда басталған. Сотталушы А. жәбірленуші С.-ны Алматыдан Шымкентке көлігімен алып келген. Жолда оған қарсылық көрсетсе, көлік апатына түсетіндерін айтып қорқытқан. Шымкентке келген соң қыздың телефонын тартып алып, еркінен тыс үйіне кіргізіп, некеге тұруға мәжбүрлеген.
Кейін жәбірленушінің туыстары оның өз еркімен келмегенін біліп, қызды алып кеткен.
Алайда сотталушы мұнымен тоқтамаған. 2025 жылдың қазан-қараша айларында ол қызды Алматыдағы уақытша пәтерінен және Шымкенттегі үйінен бірнеше рет іздеген. Телефон нөмірін ауыстырғанына қарамастан, жаңа нөмірін тауып, қайта-қайта қоңырау шалған.
Қайғылы оқиға 2026 жылғы 11 қаңтарда болды. Сотталушы қызды саябаққа шақырған. Жәбірленуші ұсыныстан бас тартқаннан кейін, ер адам алдын ала дайындап келген туристік пышағымен оған шабуыл жасаған.
Оқиға кезінде куәгердің келгенін байқап, біраз уақытқа қашып кеткен. Бірақ кейін қайта оралып, ауыр жарақат алған жәбірленушіге тағы да пышақпен соққы жасаған.
Сот дерегінше, ол қызға барлығы 35 рет соққы жасап, оның өліміне себеп болған.
Сотта оның кінәсі алғашқы жауаптары, куәгерлердің көрсетулері, заттай дәлелдер мен сараптама қорытындылары арқылы дәлелденген.
Прокурор сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Жәбірленуші тарап бұл талапты қолдаған. Ал сотталушы қылмысты жеңілірек бапқа қайта саралап, ең төменгі жаза тағайындауды және некеге мәжбүрлеу мен сталкинг бойынша ақтауды сұраған.
Сот бұл өтініштерді қанағаттандырмады.
Сотталушы аса қатыгездікпен адам өлтіргені, некеге тұруға мәжбүрлегені және сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың талап арызы ішінара қанағаттандырылып, сотталушыдан 25 млн теңге моральдық зиян және адвокат қызметі үшін 5 млн теңге өндірілетін болды.



