Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза болуына байланысты полиция қызметкерлерінің немқұрайлылығы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары Санжар Әділов сенаттағы брифингте хабарлады. деп жазады Qandastar.kz порталы Кaztag.kz-ке сілтеме жасап.
«Қызметтік тексеріс нәтижесінде, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі тәртіптік жауапкершілік шараларын қабылдады. Департамент басшысы қызметінен босатылды. Оның бірінші орынбасары да қызметінен шеттетілді. Сонымен қатар, немқұрайлылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны Қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр. Іс полиция қызметкерлерінің қылмыстық істі тіркеу және кінәлі тұлғаны оперативті түрде жауапқа тартуда тиісті шара қолданбауы фактісін қамтиды», – деді Әділов.
Ол атап өткендей, Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды.
Еске салайық, 13 қаңтарда 21 жастағы қыздың өліміне күдікті Шымкентте ұсталған болатын. 16 қаңтарда ІІМ осы қылмыстық істі бақылауға алғанын мәлімдеген.



