Түркістан облыстық мәслихатының ең жас депутаты Нұрайым Шақимерген Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевқа қатысты жасаған мәлімдемесімен қоғам назарын өзіне аударды, деп жазады qandastar.kz
Бұған дейін Нұрайым әлеуметтік желіде Қырықбаевпен бірге түскен суретін жариялап, «Қандай адам екенін біліңіздер» деп жазған болатын. Бұл жазба желіде қызу пікірталас тудырған еді.
Кейін ол жаңа жазба жариялап, ойын нақтылай түсті.
«Қызметі үшін баласынан безген адамды көрдім. БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге дайынмын, жеке жазыңыздар», – деп жазды депутат.
Бұл мәлімдеме қоғамда кең талқыланып, желі қолданушыларының арасында екі түрлі пікір қалыптастырды. Бірі Нұрайымды батылдығы үшін қолдаса, енді бірі оның сөзінің астарынан жеке жанжалдың нышанын іздеп жатыр.
Айта кетсек, Темір Базарбайұлы Қырықбаев – 1983 жылы туған, 2023 жылдан бері ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі.
Қазіргі уақытта екі тараптан да ресми түсініктеме берілмеді. Дегенмен әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты пікірталас толастамай, шенеуніктердің жеке жауапкершілігі мен этикасы жөніндегі қоғамдық талқылауды қайта өршітті.



