
Фото: инстаграм
Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев Алматыдағы «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы Чемпиондар лигасы матчына қатысып, әсерімен әлеуметтік желіде бөлісті, деп жазды qandastar.kz
Ол жазбасында әкесі Рахат Әлиевтің Қазақстан футболының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, 2002 жылы еліміздің Азия футбол конфедерациясынан шығып, ресми түрде UEFA-ға өткенін еске алды.
«Соңғы күндері әкем — Рахат Әлиевке қатысты жылы сөздер көп естіп жүрмін, жарықтық болсын. Бұл кездейсоқ емес. 2002 жылдың 25 сәуірінде ол Қазақстан футбол федерациясын басқарған кезде, еліміз Азиядан шығып, UEFA қатарына өтті», – деп жазды Нұрәли Әлиев.
Сондай-ақ ол әкесі жүргізген келіссөздер туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, дәл осы келіссөздер кезінде Рахат Әлиев Стокгольмде Мишель Платинимен кездесіп, кейін 2005 жылы Платини алғаш рет Алматыға келген.
Чемпиондар лигасының аясында Алматыда өткен тарихи матчтан алған әсерін бөліскен Әлиев былай деді:
«Ал кеше мен Орталық стадионда Чемпиондар лигасының матчын тамашаладым. Біздің алматылық «Қайрат» UEFA-ның ең беделді клубтарының бірі — мадридтік «Реалмен» ойнады. Барлығы — Алматыда болды! Сол сәтте әкемнің сол шешімінің қаншалықты стратегиялық болғанын шын мәнінде сезіндім. Жылдар өткен сайын ол шешім өз жемісін беріп келеді».
Нұрәли Әлиевтің қай секторда отырғаны нақты белгісіз. Вип-қонақтар қатарынан байқалмағандықтан, ол қарапайым көрермендермен бірге отырған болуы мүмкін.