
Фото: Улысмедиа
Марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев ресми түрде банкрот деп танылды. Оның 57 млрд теңге көлеміндегі активтері тәркіленіп, есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды. Алдағы бес жыл ішінде ол несие ала алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды, деп жазды qandastar.kz
Негізгі компаниясы – «Prime Cap» ЖШС (бұрынғы атауы «Prime Capital Holding») соңғы екі жылда салық төлемеген, берешегі – 37,5 млн теңге. Қазір тарату сатысында.
Оған тиесілі немесе қатысы бар компаниялар:
- «Prime Capital Real Estate» ЖШС – 209,4 млн теңге салық төлеген, Алматы облысында 22 жылжымайтын мүлік пен ауылшаруашылыққа арналған 3 жер телімі бар.
- «Prime Capital Re Plaza» ЖШС – 290 млн теңге салық төлеген, Алматыда 2 жер телімі бар (бизнес-орталық пен қонақүй).
- «Бахар-А» ЖШС – Қарасай ауданындағы тойхана, 44,4 млн теңге салық төлеген. Тең иесі – кәсіпкер Әзім Абдуллаев.
Prime Cap еншілес компаниялары арқылы Нұрбол Назарбаев Алматы облысында ірі жер телімдеріне иелік еткен. Мысалы:
- «Prime Capital Re Ushkonyr» ЖШС – Шамалғанда 2,36 га зауыт жері.
- «Prime Capital Re Talgar» – бұрынғы «Талғар шарап зауыты».
- «Prime Capital Re Karasay» – 100 га ауылшаруашылық жері бар.
Үшқоныр аймағында Назарбаевтарға тиесілі жер көлемі 9 мың гектарға дейін жеткені хабарланған. Бір бөлігі қазір Қайтарылған активтерді басқару компаниясына өткен. Алайда біраз жерлер әлі де отбасы ықпалында.
«QazAgro Centre» мен «Steppe AgroMeat» – қосалқы шаруашылықтарға арналған жер телімдерін иеленген. Жақын маңдағы 6,2 га жер Нұрали Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар компанияға тіркелген.
«Qaz-Ak-Kus» құс фабрикасы (Іле ауданы, 145 га жер) 135 млн теңге берешекпен жұмыс істеп тұр.
Нұрбол Назарбаев Алматы ауыр машина жасау зауытының 54,67% үлесіне ие болған (АЗТМ), ол 2024 жылы 1,3 млрд теңге пайда тапқан.
2025 жылы ол BNC Plaza бизнес орталығының басқаруынан шыққан.
Қоғамдық және саяси сын
Нұрбол Назарбаев бірнеше рейдерлік айыптаулармен де байланысты. 2024 жылы кәсіпкер Қуат Ерментаев өз үлесінен айырылғанын мәлімдесе, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи оның Жанатұрмыс ауылындағы 9 мың га жерді заңсыз иемденгенін айтып, Бас прокуратураға тергеу талап етті.
Сондай-ақ, «Алтын Орда» базары бойынша да тергеу жүргізу сұралды – бұл нысан бұрын Болат пен Нұрбол Назарбаевтың бизнес мүдделерімен байланысты болған.