Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Нысандар әлі жөндеуден өтіп жатыр: Көшпенділер ойынына Қазақстанның дайындығы қалай?

 Фото: Егемен Қазақстан

Биыл күзде, нақтырақ айтсақ, 8-12 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтпек. Айтулы додаға 89 елден 2 мыңнан аса ойыншы келіп, спорттың 21 түрінен бақ сынайды. Оның арасында кәрі құрлық елдері де бар. Бұған қоса жарысқа 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Осы орайда жарыс алдында елордада қандай дайындықтар жасалып жатқанын qandastar.kz шолып көрді.

 

Қаржы үнемделіп жұмсалады

Қазір аталған доданың жалпы операциялық бюджеті 5,7 млрд теңгені құрап отыр. Негізі әуелде көзделген қаржы 7 млрд-тан асатын. Алайда көктемдегі су тасқынынан кейін Президент Көшпенділер ойынына бөлінетін ақшаны азайтуды тапсырды. Әйтсе де бұл қаржының өзі аздық етпейді, ұйымдастырушылар үнемдеп болса да жарысты жоғары деңгейде өткізуге болатынын ұғынған.

Егер салыстырып қарасақ, ойынды өткізуге бөлінген 5,7 млрд теңге қаражат 2011 жылы Алматыда өткен жетінші қысқы Азия ойындарының бюджетінен 20 есе аз. Ол кезде жарыс үшін жүздеген млрд шығындалған болатын. 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың бюджеті де қазіргіден 5 есе көп болды. айтпақшы, бұл тұста аталған сомаға қаржылық серіктестер мен демеушілер ақша қосады. Жалпы алғанда, операциялық бюджет шамамен 8 млрд теңгеге жуықтамақ.

 

Бірнеше нысанда құрылыс жүруде

Қазір астаналықтар жарыс алдында қандай дайындық жүріп жатқанынан хабарсыз. Құдды ештеңе атқарылмай тұрған іспетті көрінеді. Алайда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының басшысы Наиль Нұровтың айтуынша, қолға алынған істер көп. Дирекция басшысы көшпенділер ойындары өтетін спорт нысандарына жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тізіп берді.

– Астанадағы «Қазанат» ипподромындағы жүгіруге арналған жолдың ұзындығы 12 метрге, ені 7 метрге кеңейе түсті. Сонымен қатар ипподромда жылқыларды диагностикалау және қалпына келтіру бойынша жаңа зертхана ашылады.

Одан бөлек, «Алау» мұз сарайы жаңарып, көшпенділер ойындарының арқасында жаңа келбетке ие болады. Жарыстан кейін мұз сарайы әдеттегі жұмыс режиміне оралып, конькишілерді қуантады. «Астана-Арена» футбол стадионы да жаңартылып жатыр, яғни, ішкі инфрақұрылымы, трибуналар мен футбол алаңы ауыстырылады, – дейді ол.

ЮНИСЕФ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының коммерциялық емес ресми серіктесі атанса, айтулы аламанның бас демеушісі болып «Alageum Electric» компаниялар тобы танылды. Елорда төрін апта бойы ұлы дүбірге бөлейтін маңызды іс-шара үш бағыт бойынша өрбиді: спорт, мәдениет және ғылым. «Қазанат» атшабары мен Этноауыл аумағында ат бәйгесі, дәстүрлі садақ ату және құс салу түрлерінен, ат үстіндегі сайыстар бойынша жарыстар өткізіледі. Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен, жекпе-жек түрлерінен және халық ойындарынан дода өтеді.

«Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде көшпелі­лер ойындарына аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. «Қазанат» атшабарының оңтүстік-батыс жағындағы іргелес қоныс тебетін «Көш­пелілер ғаламы» этно ауылы ДКО мәдени бағдарламасының ошағына айналмақ. Мәдени бағдарлама Астана қаласының әртүрлі нысандарында (алаңдарда, саябақтарда, басқа да қоғамдық орындарда, театрларда, концерт залдарында, кинотеатрларда, мұражайларда, көрме павильондарында) өтеді.

Әр өңір бес киіз үйден тігеді

Көшпелілер ойыны кезінде студенттер қалыпты режиммен оқи береді. Яғни, айтарлықтай өзгеріс жоқ. Сондай-ақ Астана әкімдігі жарысқа қатысушыларды тасуға 100 автобус бөлінгенін хабарлаған. Жалпы 343 көлік пен спортшылардың тынығуына 20 қонақ үй қарастырылған. Қазір қосымша 100 немесе 200 автобус көрермендерді тасымалдауға қаралып жатыр. Автобустар мен көше бойлары ұлттық нақышқа сай безендіріледі. Бұған қоса әр өңір 5 киіз үйден тікпек.

Ойындарға билеттерді ресми билет операторының сайтынан сатып алуға болатыны хабарланды. Жалпы билет құны – 500-25 000 теңге аралығында болмақ. Көшпелілер ойындарының ашылу салтанатын тамашалаймын деген көрермен билетті 15 000-нан бастап 50 000 теңгеге дейін сатып алады. Ересектерге арналған билеттің орташа құны – 4 000 теңге. Көрермендердің жекелеген санаттары үшін жеңілдік бар. Мысалы, алты жасқа дейінгі балалар кез келген ойын түрін тегін тамашалай алады. 6-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер үшін 50 пайыздық жеңілдік жасалады. «Теңге ілу» мен «Құсбегілік» жарыстарына билет құны 500 теңге болса, мектеп оқушылары үшін билет бар болғаны 250 теңге.

Еріктілерді іріктеу жұмысы жүргізіліп, таңдау түскен жастар да әзірлікті бастауда. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының орынбасары Абылай Қондыбаевтың сөзінше, еріктілерді іріктеу бірнеше кезеңмен өткен. Тіпті көршілес Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінен ғана емес, АҚШ, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Беларусь және Ганадан да ерікті болуға ынталы жастар өтініш жолдаған. Іріктеудің бірінші кезеңінде 4 600 өтінім қабылданған. Ұйымдастырушылар наурыз-сәуір айында өткен екінші кезеңде әрбір үміткермен дидарласып, өзге тілді қаншалықты игергенін байқаған. Осындай сұрыптаудың нәтижесінде іріктелген 1 300 еріктіге таңдау түсіпті. Өзге тілді білуде ағылшынша һәм түрікше еркін сөйлеп, ойын жеткізе алатындарға баса назар аударылған.

Жалпы, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Медальдың жалпы саны – 581. Медальда спорт, мәдениет, ғылым салаларын қамтитын негізгі 3 символ бедерленген. Осының барлығын шаңырақ көмкеріп тұр. Медальдың ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі – ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар.

М.СНАДИН

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close