Қазақстан халық әртісі, танымал композитор Алтынбек Қоразбаев Мақпал Жүнісовамен қарым-қатынасы жайлы айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы «Хабар» телеарнасына сілтеме жасап.
Композитордың айтуынша, «Мәңгілік махаббат» әнін Мақпал Жүнісоваға арнап жазған.
«Мақпал – халықтың айрықша жақсы көретін әншісі. Мен алғашында оның тұлғасына емес, дауысындағы әуезге, әншілік табиғатына тәнті болдым. Жамбыл облыстық филармониясының директоры болып жүрген кезде «Гүлдер-ай» ансамблімен бірге келгенде көзім түсті. Менің көптеген әнімді Мақпал орындап жүр. Соның ішінде «Сағындым Алматымды», «Сағыныш саздары», «Сары жайлау» бар», — деп атап өтті Қоразбаев.
Сондай-ақ «Мәңгілік махаббат» әніне жеке тоқталып кетті.
«Шын мәнінде Мақпалға арнап жаздым. Әннің ішінде оның аты аталмағанымен, жүрегімдегі сезім мен шабыттың иесі – Мақпал. Ол бұл әнді жоғары деңгейде алып шықты. Мақпал – біртуар талант. Көп дүние оған жарасады», – деді Қоразбаев КешREC бағдарламасына берген сұхбатында.



