Білім
«Оқулық жазу — мәтін теру емес, ел болашағына қызмет ету»

Фото: ашық дереккөз
Arman-PV баспасы бас директорының орынбасары Қымбат Қараевамен сұхбат
— Қымбат ханым, Arman-PV баспасының білім саласындағы қызметі жылдан-жылға кеңейіп келеді. 2025 жыл баспа үшін қандай негізгі жобалармен есте қалады?
— Биыл біздің баспа үш ауқымды және мазмұндық тұрғыдан маңызды оқулықты жарыққа шығарды. Бұл — «Русский язык», «Цифрлық сауаттылық» және «Цифровая грамотность» пәндеріне арналған оқу-әдістемелік кешендер. Ең бастысы — бұл тек оқулық емес, әрқайсысы — педагогикалық тұрғыдан терең ойластырылған, баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына, тілдік ортасына бейімделген кешенді жүйе.
Мысалы, «Русский язык» оқулығының авторлық құрамы да ерекше кәсіби команда — Меруерт Қаирова, Динара Аринова, Маржан Сахимзадина, Алтынай Қожабаева, Гүлнара Жомартова сияқты тәжірибелі педагогтер мен ғылыми мамандар еңбектенді. Олар оқу мазмұнын баланың қабылдау ерекшеліктеріне сай бейімдеп, сабақта қолдануға ыңғайлы құрылым жасап шықты.
— Бұл оқулықтардың басты ерекшелігі неде?
— Ең алдымен, бұл кешендер жай ғана теория берумен шектелмейді. Олар баланың коммуникативтік қабілетін, шығармашылық ойлауын, тұлғалық дамуын басты нысана етеді. Мысалы, «Цифрлық сауаттылық» оқулығында тек технология емес, саналы қолданушы тәрбиелеуге бағыт бар. Оқулық баланың күнделікті өмірінде қолдана алатын нақты дағдыларды үйретуді мақсат етті. Электронды нұсқасында мультимедиа, робот техникасы, видеожазба жасау, электронды пошта жазу секілді пайдалы әрі қызықты тапсырмалар бар. Ал «Цифровая грамотность для 4 класса» пәніне арналған кешен орыс тілді мектептер үшін әзірленді. Мұнда да заманауи баланың цифрлық ортада еркін әрі қауіпсіз әрекет ете білуі үшін қажет құралдар қамтылған. Оқулықтарда визуалды мазмұн молынан берілген, құрылымы жеңіл, мазмұны өмірмен тікелей байланысты.
— Arman-PV баспасы бүгінгі таңда еліміздің білім саласында қандай рөл атқарып отыр?
— Қазақстандағы ең ірі және оқулық шығару саласындағы төрт үздік баспа болса, соның бірі біздің баспа. Соңғы жиырма үш жыл ішінде 20 миллионнан астам кітап шығарылды. Бұл – тек оқулықтар ғана емес, танымдық, тарихи, көркем әдебиеттер мен балаларға арналған кітаптар да бар. Біз тек қағаздағы өнімдермен шектелмей, ekitap.kz секілді электронды платформаны іске қостық. Бұл – кітапты сандық форматта ұсынып қана қоймай, оны интерактивті, мультимедиялық жүйеге айналдыруды мақсат етіп қойдық. Arman-PV баспасы тек қазақстандық мектептерде ғана емес, халықаралық көрмелерде де өзін танытты.
— Қазіргі таңда Arman-PV баспасы қандай халықаралық жобалармен жұмыс істеп жатыр?
— Біздің баспа халықаралық білім беру кеңістігімен байланыс орнатуға және үздік әдістемелерді қазақстандық жүйеге бейімдеуге үлкен мән береді. Соның айқын дәлелі – «XXI ғасыр дағдылары» атты бірегей оқулық. Бұл – Лэнс Кингтің авторлық концепциясына негізделген, бүкіл әлемде сұранысқа ие әдістемелік материал. Біз оны қазақ тіліне аударып қана қоймай, Нұрболат Бисенғалиевтің жетекшілігімен еліміздің білім беру жүйесіне толық бейімдеп, редакциялық және әдістемелік өңдеуден өткіздік.
Бұл оқулық – бүгінгі баланың сыни ойлауын, креативтілігін, эмоциялық интеллектін, жауапкершілігін дамытатын құрал. Бүгінде бұл жоба республика көлемінде үлкен қолдау тапты, ресми таныстырылымға автордың өзі – Лэнс Кинг келіп қатысты.
— Arman-PV тек оқулықпен ғана шектелмейді ғой?
— Әрине. Біздің мақсат – ұрпақ тәрбиесіне кешенді түрде үлес қосу. Осы бағытта біз тарихи-танымдық сериямен үлкен жұмыс жасап отырмыз. Соның ішінде «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» атты кітапты ерекше атап өтер едім. Бұл – журналист Майя Бекбаевамен бірлесіп жүзеге асқан тың жоба. Мазмұны терең, иллюстрациясы бай, ұлттық тарихи санасын оятуға бағытталған еңбек. Бұл жоба да мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, халықаралық көрмеде гран-при иеленді.
— Қазір қандай жаңа бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?
— Қазіргі уақытта біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы тарихи кітап жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл – қазақ тарихындағы батыр тұлғалардың ерлігін, өмір жолын, тәрбиелік мәнін терең сипаттайтын еңбек болады. Жоба әлі жария етілмегенімен, жақын арада ресми түрде таныстырылымы өтеді деп жоспарлап отырмыз.
— Соңғы уақытта қоғамда оқулықтардың мазмұны, сапасы, құрылымы жайлы жиі сөз қозғалады. Кітап қалай дайындалады, қандай кезеңдерден өтеді деген сұрақтар да жиі туындайды.
— Бұл өте орынды сұрақ. Бұл өте көп сатылы, көп деңгейлі кәсіби үдеріс. Оқулық бірнеше айда емес, жылдар бойы жазылады. Бұл — авторлық шығармашылық пен ғылыми-әдістемелік сараптаманың түйіскен тұсы. Оған бірнеше маман қатысады: автор, редактор, дизайнер, әдіскер, сарапшы. Әр сөйлем бірнеше мәрте қаралады. Бұл – бала қолына түсетін құрал. Сондықтан оған бейжай қарау – болашаққа немқұрайлы қарау деген сөз. Оқулық мектепке жіберілмес бұрын мемлекеттік сараптамадан, апробациядан, тәуелсіз педагогикалық сынақтан өтеді. Сондықтан әлеуметтік желіде жекелеген пікірлер жазарда – бұл еңбектің артында үлкен мамандар тобы тұрғанын ескерсек дейміз.
— Сөз соңында Arman-PV баспасының басты ұстанымы туралы не айтар едіңіз?
— Біз – бір орында тұрмайтын, даму үстіндегі, заманмен бірге өзгеріп отыратын баспамыз. Кітап – біздің өнім ғана емес, біздің көзқарасымыз. Біз оқулықты бұрынғыдай дәстүрлі үлгімен ғана жазбаймыз. Біз жаңа буын баласына лайық, халықаралық талаптарға сай келетін, интерактивті, қолжетімді, өмірмен сабақтас құрал жасауға тырысамыз. Бүгінде білім – жай ақпарат беру емес, ол тұлға қалыптастырудың құралы. Сол себепті біз оқулықты — баламен тілдесе алатын, шабыт беретін, үйрететін досы ретінде көреміз.