Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Оқушының ұйқы режимін алдын ала реттеу маңызды: Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға кеңес берді

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға оқу жылы басталғанға дейін баланың ұйқы режимін мектеп тәртібіне біртіндеп бейімдеуге кеңес берді. Мамандар ұйқының жеткіліксіздігі оқушының зейіні мен оқу үлгеріміне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға оқушылардың ұйқы режиміне назар аударуды ескертті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Министрлік оқу жылы басталғанға дейін баланың ұйықтайтын және таңертең оянатын уақытын біртіндеп мектеп режиміне бейімдеуге кеңес берді. Мамандардың айтуынша, күн тәртібін алдын ала реттеу баланың сабаққа тезірек үйренуіне көмектеседі.

Денсаулық сақтау министрлігі Америкалық педиатрия академиясының ұсыныстарына сүйеніп, балалардың жасына қарай қажетті ұйқы мөлшерін атады. Оған сәйкес:

  • 1 жасқа дейінгі балалар – тәулігіне 12-16 сағат;
  • 1-2 жастағы балалар – 11-14 сағат;
  • 3-5 жастағылар – 10-13 сағат;
  • 6-12 жастағы балалар – 9-12 сағат;
  • 13-18 жастағы жасөспірімдер – 8-10 сағат ұйықтауы керек.

Әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалардың ұйқы тәртібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Министрліктің мәліметінше, бірінші сыныпқа бару баланың күнделікті режиміне айтарлықтай өзгеріс енгізеді. Ерте тұру, сабақтар мен жаңа ортаға бейімделу үшін уақыт қажет болғандықтан, бірінші сынып оқушыларына күндіз қосымша екі сағат демалыс қарастыру ұсынылады.

Мамандар баланың күн тәртібін бірден емес, біртіндеп өзгертуге кеңес береді. Ата-аналар ұйқы уақытын алдын ала реттеп, кешкі уақытта гаджет қолдануды шектегені жөн. Сонымен қатар ұйықтар алдында тынығуға мүмкіндік беріп, баланың бөлмесінде жайлы ұйқыға қажетті жағдай жасау маңызды.

Министрлік ұйқыны қосымша сабақ, үй тапсырмасы немесе ойын-сауық үшін қысқартпау керегін атап өтті. Ұйқының жеткіліксіз болуы баланың сабаққа зейін қоюына, назарын ұзақ уақыт сақтап, оқу барысында белсенді болуына кері әсер етуі мүмкін.

Сондықтан мамандар оқу жылы басталғанға дейін баланың күн тәртібін қалыпқа келтіріп, ерте тұру мен уақытында ұйықтауды біртіндеп тұрақты әдетке айналдыруды ұсынады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button