Жаңалықтар
«Өлімге дейін жеткізбей ажырасқан дұрыс»: Дана Нұржігіт депутат Ардақ Назаровты сынға алды

Сенаттың бұрынғы депутаты, тележурналист Дана Нұржігіт мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың ажырасуға қатысты ұсынысын сынға алды, деп хабарлайды qandastar.kz сайты.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Ардақ Назаров елдегі ажырасу көрсеткішіне алаңдаушылық білдіріп, үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында бірнеше ұсыныс айтқан еді.
Оның ішінде ажырасатындарға жарна төлеу тәртібін енгізу, ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру ұсыныстары бар.
«Біріншіден, ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптының біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын», — деген болатын Ардақ Назаров.
Дана Нұржігіттің пікірінше, депутат Назаров келтірген елдегі ажырасу деңгейіне қатысты статистика алаңдатады. Алайда «ажырасқандарға салық салу» – ақылға сыймайтын ұсыныс.
«Назаров айтқан статистика шошытады. Одан да соның себебін зерттейтін уақыт келді дейік! Бір де бір адам ажырасамын деп қосылмайды! Әр түрлі жағдай, себеп бар. Тіпті бас жарылып, көз шықпай тұрғанда, өлімге дейін жеткізбей ажырасқан дұрыс дер едім. Саналы ата-ана баланы осы жағдайда да дұрыс өсірудің жолын табады. Оған тек тәрбие, мәдениет, түйсік жетсе, әрине!
Депутат келтірген деректегі 400 мың жалғызбасты ана, 60 мың жалғызбасты әке отбасы институтын түбегейлі әлеуметтік зерттеуден, сараптаудан өткізу керек деген сөз. Соған қарай «Неке және отбасы» кодексін қайта қарау керек деген қызыл белгі бұл!
Ал ажырасқандарға салық салу керек дегені тіпті абсурд! Адамды еркінен тыс қасыңда ұстау, салыққа ұшыраймыз деп ажыраспау ма бұл?! Ақылға сыймайтын мәжбүрлеу ғой мынау! Адам құқығы қайда қалды сонда, депутат мырза? Отбасы интитутын дәл осындай радикалды формада «қорғамасаңыз» етті…», — деп жазды Дана Нұржігіт Instagram желісіндегі парақшасында.