Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев Түркияда өзіне қарсы ауыр қылмыс жасалғанын айтып, Қазақстанның құқық қорғау органдарына ресми түрде көмек сұрады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Спортшының сөзінше, 2025 жылдың мамыр айында Нұржан Иманалиев пен Шыңғыс Мұқашев оны Ыстанбұлға бапкерлік жұмысқа шақырған. Алғашында кәсіби ұсыныс ретінде көрінген бұл сапар кейін күмәнді жағдайларға ұласқан.
«Ыстанбұлда солардың үйлерінде он күндей шамасында тұрдым. Екеуіне бапкер болып, жаттығулар жасадық. Елге оралғаннан кейін Шыңғыс Мұқашев бір емес бірнеше рет звондап, 1-2 азаматтың қол-аяғын сындыру керегін, ақша беретінін айтты. Мен ондай нәрсемен айналыспайтынымды айтып, бірден бас тарттым. 3-4 рет хабарласты», — дейді Шыналиев.
Оның айтуынша, араға уақыт салып, 2026 жылдың қаңтарында олар қайтадан Түркияға шақырған.
«Әрі бапкер боласың, әрі ақылдасатын жаңа жоспарлар бар. Бұйырса сенің бапкерлік жұмысың бәрі жақсы болады. Бізді де жаттықтырып, үйде боласың» деп шақырып алды. Қаңтар айында ұшып бардым, әуежайдан күтіп алды. Сөйтіп Ыстанбұлдан 150-200 шақырым алыстағы ну орманға алып барды да, қараусыз қалған ғимаратқа кіргізді. Маған бір қағаздарды көрсетіп, одан кейін «Сен ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамымын деп мойындайсың» деп, барынша жалған ақпарат айтқызып мәжбүрледі. Басыма тапанша тақап оқтап қойып, «Біз не айтамыз соның бәрін осылай видеоға айтып бересің» деді. Қорыққанымнан, өз өмірімнің қауіпсіздігі үшін не айтып не істегенімді білмеймін, олардың айтуы бойынша істедім. Маған бір қағаздарды көрсетті, «Мынау сол ұлттық қауіпсіздік комитетінің маған берген қағаздары-мыс деп осыны нұсқап көрсетесің» деді. Одан бөлек Сәбит деген азаматқа звондатқызды. Ол менің кураторым-мыс. «Ана ұлттық қауіпсіздік комитетінен соның айтуымен барыппын-мыс. Сөйтіп айт» деп мәжбүрлі түрде маған қысым көрсетіп, видеоүндеу түсіртіп алды», — дейді боксшы.
Шыналиевтің айтуынша, оқиға болған жерде бірнеше бейтаныс адамдар болған.
«Біздің елдің, Қырғызстанның азаматтары болды. Біраз қылмыс істеп сол жаққа қашқан жігіттерді мен сол жерден көрдім. Сол жерде олардың нұсқауымен жүрмеуге менде бір грамм мүмкіндік болмады. Шетелде, басқа елде, ну орманның арасында екі жүз километр жерде менде басқа амал болмады»,- деп жанайқайын жеткізді ол.
Спортшы кейін Қазақстанға аман-есен оралып, отбасымен қауышқанын айтты. Ол бұл әрекеттің астарында басқа мақсат жатқанын да жасырмады.
«Менің ойымша, олар Түркия билігінен саяси баспана сұрап алу үшін осындай әрекетке барды», — деп болжамын айтты боксшы.
Үндеу соңында Еркебұлан Шыналиев Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінен ресми түрде құқықтық көмек сұрады.
«Қазақстанның бас прокуратурасынан, ішкі істер министрлігінен, қазақ елінен сіздерден осы екі азаматқа барынша заң жүзінде іс-әрекет жасауларыңызды сұраймын. Отбасым, өзімнің болашақ өмірім үшін соған алаңдаймын», — деп сөзін түйіндеді спортшы.



