Жаңалықтар

«Олимпиадада мәжбүрлі түрде ұтылдым»: Әбиба Әбужақынова ел білмейтін құпиясын ашты

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасындағы сәтсіздігінің себебін алғаш рет ашық айтты, деп хабарлады qandastar.kz. Спортшының айтуынша, жарыс кезінде алған жарақат пен денсаулығына байланысты ол мәжбүрлі түрде жеңілген.

Әбужақынова Skifnews.kz тілшісіне берген сұхбатында Олимпиададан кейін спорттық мансабын аяқтауды да ойлағанын жеткізді.

«Олимпиададан кейін спортты қоямын деп ойладым. Ақталу емес, бірақ испан қызына ұтылған кезде миым шайқалды. Үшінші орынға күрескен сәтімде ағзамды сезбедім. Сол кезде мәжбүрлі түрде ұтылдым. Күресе алмағаным жаныма батты. Бапкерім мен дәрігерім ғана білді, ал халық ол туралы білмеді», — деді спортшы.

Оның айтуынша, Олимпиада алдындағы Дохада өткен әлем чемпионатында тізесін ауыртып алған. Париждегі жарыс кезінде сол жарақат қайта сыр беріп, қозғалысына кедергі келтірген.

«Тіземді қатты байлап тастаған еді, ол да кедергі жасады. Камерадан сол ауырсыну байқалған екен. Олимпиададан кейін БАҚ өкілдерінен қашып, тек Qazsport арнасына қысқа сұхбат беріп, “Қазақ халқынан кешірім сұраймын, медаль қарыз едім” дедім. Сол сөз тарап кетіп, халық керемет қолдау көрсетті», — дейді Әбужақынова.

Оның айтуынша, жарыстан кейін қазақ жанкүйерлерінің қолдауы ерекше болған.

«Келесі күні телефон хабарламаларға толып, қатып қалды. Мен үшін өлең шығарғандар да болды. Қазақстанға келген соң депутаттар көлік сыйлады. Кейін Атыраудағы компания Zeekr көлігін, ал “Жеңіс” клубы үшінші көлігімді берді», — деді спортшы.

Айта кетейік, Әбиба Әбужақынова — дзюдо бойынша Қазақстан құрамасының мүшесі, әлем чемпионатының жүлдегері. Париж Олимпиадасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 5-орын алған.

Back to top button