
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов өміріндегі көпшілік біле бермейтін қиын кезең туралы ашық айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Боксшы соңғы жылдары алкогольге тәуелділікпен күресіп жүргенін мойындады.
Спортшы бұл тақырыпты әлеуметтік желідегі жазбасында көтерген. Оның сөзінше, Олимпиададан кейін ішімдікке әуестігі күшейіп, уақыт өте келе жағдай тәуелділікке ұласқан.
Елеусінов мұндай жағдайға қалай тап болғанын өзі де толық түсіндіре алмайтынын айтты.
Боксшының бұл мәлімдемесі оның мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына түскені үшін сынға қалған кезімен тұспа-тұс келді. Ол өзін айыптаған адамдарға жауап бере отырып, алкогольге тәуелділікті жай ғана «адамның әлсіздігі» деп қабылдамауға шақырды.
Оның пікірінше, мұндай мәселені бастан өткермеген адам оның қаншалықты қиын екенін толық түсіне бермейді.
«Адамдар мұны өз басына түспейінше түсінбейді. Бүгін күлген нәрсең ертең өзіңнің сынағыңа айналуы мүмкін», – деді спортшы.
Елеусінов спорттағы жетістіктерінің аз еместігін де атап өтті. Ол Олимпиада мен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Азия ойындарында да топ жарған. Алайда чемпиондық атақтар мен медальдар адамның өмірдегі барлық сынақтан автоматты түрде қорғамайтынын көрсетті.
«Алла Тағала мені дәл осы нәрсемен сынап жатыр», – деді ол.
Боксшы қоғамға да маңызды өтініш жасады. Оның айтуынша, алкогольге немесе басқа да тәуелділікке тап болған адамдарды бірден мазақтап, кінәлаудың орнына, олардың жағдайына түсіністікпен қарау қажет.
«Өздеріңіз мұндай жағдайдан өтпейінше, ешкімді айыптамаңыздар», – деді Елеусінов.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Данияр Елеусінов мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған болатын. Әкімшілік сот оны 20 тәулікке қамау туралы шешім шығарып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырған.



