Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов соңғы уақытта айтқан пікірлерімен жиі сынға қалып жүр. Оның қоғамдық көлік жолақысын 500 теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысы мен «Қазақстан антиресейлік бағыт ұстанып келеді» деген сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланды, деп хабарлады qandastar.kz.
Байділдиновтің әлеуметтік желідегі парақшаларында әлемдік брендтердің киімдері жиі байқалады. Мәселен, оның киген Gucci күртешесі — 3,2 миллион теңге, ал Louis Vuitton жейдесі шамамен 556 мың теңге тұрады.
Ашық деректерге сүйенсек, сарапшының меншігінде бірнеше пәтер мен үй бар. Олардың қатарында Астана мен Қосшы қаласындағы жылжымайтын мүліктер, коммерциялық нысан және бірнеше қымбат көлік бар. 2022 жылғы есеп бойынша, оның жеке активтерінің құны 250 миллион теңгеден асқан.
Сондай-ақ Байділдинов 2024 жылы Ыстамбұлдан пәтер сатып алғанын өзі көрсеткен.
Бұған дейін ол сұйытылған газдың қымбаттауын “айтарлықтай мәселе емес” деп атап, жұртты қоғамдық көлікке көшуге шақырған еді. Бұл сөздері Қаңтар оқиғасы кезінде халықтың есінде қалған.
Кейін ол жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру керек екенін айтып, бұл салаға субсидияны қысқарту мен нарықтық баға енгізуді ұсынды.
Байділдинов Қазақстандағы орыс тілді білім беру үлесінің азайып, қазақ тілінің басымдығы артқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол “жастардың орыс тілін білмеуі Ресей үшін де мәселе” деп мәлімдеген. Бұл сөз қоғамда үлкен дау туғызып, оған Димаш Құдайберген ашық түрде жауап қайтарды.
«Өз тілінен ұялған адам тамырынан айырылады», – деп жазды әнші әлеуметтік желіде.
Олжас Байділдиновтің әлеуметтік және саяси мәлімдемелері қоғам назарынан түскен емес. Сарапшы пікірлері біреуге ой салса, енді біреудің наразылығын тудырып келеді.