Премьер-министр Олжас Бектенов электр энергетикасы саласын дамыту және энергия тапшылығы мәселесін шешу мақсатында жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу жөнінде кеңес өткізді, деп жазады qandastar.kz сайты Ukimet Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Кеңеске Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов қатысты.
Кеңес барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер мен шешімдер» тапсырмалары аясында Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго», KEGOC және энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстарының барысы қаралды.
Энергетика министрлігі ауқымды инвестициялық жоспарды іске асырудың практикалық кезеңіне өтті. Қазіргі таңда жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларға тартылатын инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асады. Жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығы тетігі арқылы жеке инвестицияларды тікелей тарту есебінен іске асырылуда.
ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы үш жылда іске қосылатын генерацияның басым бөлігі реттеу қуатының тапшылығын жабуға және Бірыңғай энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға бағытталған маневрлік сегментке тиесілі екенін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан нысандарды іске қосу нәтижесінде 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан экономикасының электр энергиясына деген сұранысы толық қамтылып, ел энергиялық тапшылық мәртебесінен толық шығады. Ал 2029 жылға қарай электр энергиясы мен реттеу қуаты бойынша тұрақты профицитке қол жеткізіліп, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам жаңа генерациялық қуат іске қосылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ, кеңес барысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов та баяндама жасады.
Премьер-министр энергетикалық жобаларды іске асыру барысында мерзімдердің жиі кейінге шегерілуін сынға алды. Мемлекет басшысы энергетика саласындағы жұмыс қарқынының жеткіліксіз екенін бірнеше рет атап өткенін еске салды.
Барлығыңыз барынша жұмылуларыңыз керек. Жоспарланған барлық жобалар белгіленген мерзімде іске асырылуға тиіс. Ешқандай кешігу мен сылтау болмауы керек. Министр, “Самұрық-Энерго” мен KEGOC басшылары – әрбір нысан үшін жеке жауапкершілік сіздерге жүктеледі. Сіздердің жұмыс орындарыңыз кабинеттерде емес, құрылыс алаңдарында болуы тиіс, – деді Олжас Бектенов.



