Жаңалықтар

Өмір саудасы: Қазақстандағы бүйрек пирамидасының құпиясы

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда ағза сату мен сатып алуға заң жүзінде тыйым салынғандықтан, көптеген азамат заңсыз әрекетке барады. Қазір донорлар тапшы, отаға кезекте тұрғандардың саны күн санап артып келеді. Сондықтан кейбіреулері донор табу үмітімен «қара нарыққа» жүгінуге мәжбүр болады. Мақаладағы кейіпкерлердің есімдері өзгертілген, деп жазады qandastar.kz

Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы Ербол бүйрегін сатып, қарызынан құтылмақ болды. Бірақ алаяқтардың қолына түсіп, өмірі астан-кестең болды. Ербол Orda.kz редакциясына қалай алданып, бүйрегінен де, ақшасынан да айырылғанын айтып берді. Қазіргі таңда Ерболдың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тіпті бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.

 

Ерболдың бүйрегін сатқан себебінің бірі — Сауран ауданында бригадир болып жұмыс істегені. Оның қарамағында 40 шақты құрылысшы болған. Құрылыс аяқталған соң, Абылай есімді жігіт олардың еңбек ақысын төлемей, Ерболдан қарамағындағы жұмысшылар 7 миллион 800 мың теңгені талап ете бастайды.

«Мен үйдің үлкенімін, 7 ағайындымыз, отбасым бар. Отбасым үшін және бауырларымның қауіпсіздігі үшін қорқып, бүйрегімді сатып, қарыздан құтылуға бел будым. Бір күні ВК желісінен бүйрек сату туралы жарнаманы көріп қалдым. Содан кейін өз денсаулығым бойынша мәліметтерді толтырып, өтініш жібердім. Кешкі уақытта Алматы қаласынан маған хабарласты. 2021 жылы 7 тамызда шақырту бойынша Алматы қаласына келдім. Мені Сержан және оның досы Аман күтіп алды. Тамақтану барысында маған былай деді: «Қазір сені бүйрегіңді сатып алатын адамдарға апарамыз, бірақ баға туралы ештеңе айтпа. Біз 6 миллионға сатуға келістік» деді. Тамақтан соң клиникаға бардық, сол жерде менің бүйрегімді алушы Атырау қаласының тумасы Ерболат пен оның қарындасы Бұлбұлмен таныстырды. Кейін хирургпен таныстырды. Әңгіме барысында хирург алдыңғы бүйрек донорындағы секілді денсаулығымнан ақау шықпай ма, деп сұрады», – дейді Ербол.

Orda.kz редакциясы Ерболат мырзаға хабарласып пікірін алмақ болды. Бірақ Ерболат мырза сұхбат беруден бас тартты.

Сержан Ерболға жалпы процесс 2 айға созылады деп уәде берген, бірақ іс жүзінде 6 айға созылған. Ерболдың айтуынша, барлық тексерістер мен анализдер хирург арқылы жасалған. Осы қызметі үшін хирург 5 миллион теңге алатынын Сержан айтқан. Бір қызығы, Сержан Ерболды отаға басқа адамның құжатымен кіргізген, яғни жалған құжатпен.

«Екі айдан асқан соң шу шығара бастадым. Уақыт ұзап кеткендіктен, бүйрегімді сатудан бас тарттым. Сол кезде Сержан мен оның досы келіп, осы уақытқа дейін ішіп-жегенің мен анализіңе 11 миллион теңге кетті, соны төлейсің, әйтпесе бүйрегіңді тегін аламыз деп қорқытты. Осы уақыт аралығында Сержанның жанында жүріп, кімдермен араласатынын және кімге жалған құжат жасататынын біліп алдым. Біраз уақыттан кейін ауылдағы келіншегімді Алматыға шақырттым. Отаға жақындағанда бүйректі сатып алған Ерболаттан ақшаны алдық. Сержан ақшаны көрсетіп, отаға уайымсыз кіруім керегін айтты. Бір күні Сержан «Отаға кірмей қашып кетесің, маған кепілдік керек» деп әйелдердің іш киімін кигізіп, қолыма есірткі ұстатып, фото мен видеоға түсіріп, қашып кетсең, осыны әлеуметтік желіге таратамын деп қоқан лоққы жасады», – деді Ербол.

Ота жасалғаннан кейін, Ерболға ақшаны құртып алғандарын айтты. Шығындар көп болғандықтан, ақшаны бөліп беруге уәде етеді. Бір ай бойы Ербол мен Сержан хабарласып тұрған, бірақ екінші ай өткен соң Сержан із-түзсіз жоғалып кеткен. Ербол Алматы қаласына келіп, хирургтен Сержанды тауып беруін өтінеді. Біраз уақыт өткен соң Сержан өзі хабарласып, аурухананың жанында кездеседі.

«Олар маған Алматыда болуды айтты. Бір күні қолында сөмкесі бар бір жігіт жалға алынған пәтеріме келіп, «Ақшаңның жартысын әкелдім, тағы да кепілдік керек» деп, Сержанның айтқанын айтты. Зорлық жасады. Бірнеше рет болды. Барлығы алған ақшам – 1 миллион 300 мың теңге. Бір күні Сержан Алматы қаласында өзімен бірге жұмыс істеуді ұсынды, мен бас тарттым»

Ерболдың айтуынша, ол Сержанға толықтай бағынышты болды, себебі қолында фото мен видеолар бар еді. Оның тапсырмаларын орындап жүріп, Қаскелең қаласының тұрғыны Еркін есімді жігіттің де донор болғанын Сержанның айтуымен білді.

«Марат, Қайрат, Еркін Түркияда ота жасататын болды. Яғни, Сержан Түркия және Үндістан елдерінің дәрігерлерімен заңсыз байланыс орнатып, донорлар тауып отырған. Марат пен Қайрат Түркияда ота жасатады, ал Еркін ақшасын талап етеді. Еркіннің әйеліне ақшаны Қазақстанда беруді Сержан маған тапсырды. Бір-екі сағат өткен соң Сержан маған хабарласып, Еркіннің қашып кеткенін айтты. Мені әуежайға оны күтіп алуға жібермекші болды. Кездесу барысында «Еркінді тауып бер немесе 24 миллион теңге» деп қоқан-лоққы жасады. Амалсыздан келіншегім бір бүйрегін берді. Жұбайыма 3 миллион теңге берді, бірақ бөліп-бөліп берді. Бір күні көлігімнің астынан GPS навигатор тауып алдым, капотым да ашық тұрды. Сол кезде артымнан біреулер бақылап жүргенін түсіндім», – деді Ербол.

Бір күні Ерболға Мағжан есімді ер адам хабарласып, «Екі сағат ішінде бір миллион төлемесең, ұстап қамаймыз» деп қорқытты. Сол сияқты қорқыту хирургке да жасалған екен. Ерболдың айтуынша, хирург сұраған ақшаны берген. Кейін Сержан «Мағжан – менің конкурентім, ұстап алып, қамап тастайды, уайымдама» деп сендірген. Арада он күн өткен соң Ерболды Алматы-Жаркент тас жолында полиция қызметкерлері ұстады.

Ерболдың изолятордағы оқиғасы құқық қорғау жүйесінің көлеңкелі тұстарын айқара ашып берді. Ол өз сөзімен бүкіл заңсыздықты жайып салды.

«Мені ұстағаннан кейін ештеңе жасырмай, барлығын айтып бердім. Тергеушіге бұл істе құрбан екенімді түсіндіріп, олар маған көмектеседі деп сендім. Өз тарапымнан мен заңсыздықтардың барлығын айтып беруге уәде еттім. Тергеу барысында 37 адамды атадым: нотариустар, хирургтар және Сержанның айналасында жүргендердің бәрін айттым»

Тергеу кезінде Ерболдың алданғаны айқын болды. Ол тергеушілермен әріптестікке қол қойғанына қарамастан, уақытша изоляторға қамалды. Сол жерде күдікті Сержанмен кездесіп, жанжалға да барған. Сержан, өз кезегінде, барлық айыптарды жоққа шығарып, оны танымайтынын айтқан. Ерболды изоляторға әкетерде Сержан оған «Арғы жақпен келісіп қойдым, мені танымаймын деп айт, мәліметіңді өзгерт. Мен сенің жағдайыңды жасап беремін, көлік, үй барлығымен қамтамасыз етемін», – деп уәде берген.

Бірақ сол сәтте-ақ Сержан өзін құтқарып шығып кеткен.

Осыдан кейінгі оқиғалар Ерболдың психологиялық күйзелісін тіпті күшейтті. Изоляторда отырған кезінде оған қолдау болар құжатын да тартып алды. Ол шеккен азабының шегіне жетіп, алғаш рет өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Бұл оның суицидке деген алғашқы әрекеті ғана болды – кейіннен ол 14 рет осындай қадамға барды.

«Полиция қызметкерлері мені мазақ қылып, «өлсең өл, іс тезірек жабылады» деп айтатын», – деп есіне алды ол.

Ерболдың айтуынша, ол суицид алдында үш парақ хат жазған.

«Жедел жәрдем шақырып, Қонаев қаласындағы ауруханаға жеткізді. Хирург ота шұғыл қажет екенін айтты, бірақ полиция қызметкерлері операциядан бас тартып, қайта алып кетті. Жағдайым нашарлаған соң, тағы да ауруханаға әкелді. Операция аяқталғанша жазған хаттарымды жойып жіберді», – дейді ол.

Оның айтуынша, бұл кезде изолятор ішінде де қысым жалғасқан.

«Сержан қалаған уақытта қоңырау шалып тұрды. Отадан шыққан соң Думан Мұхаметкәріммен таныстым. Ол маған изолятордан хат жазуды үйретті»

Келісілген хат арқылы өз құқығын қорғауды жалғастырған ол, Әли есімді тергеушінің оны басты ұйымдастырушы етіп көрсеткенін де ашына жеткізді.

«Егер мен ұйымдастырушы болсам, өз жағдайымды жасап алар едім ғой, ал менде көк тиын жоқ», – дейді Ербол.

Ота кезінде оның денсаулығына қатысты заңсыздықтардың тізбегі де айқын көрінді: әйелі ота жасаған хирург хирургтың «біз оларды танымаймыз» деп айтқанын естіген. Бүйрегі алынғанымен, ешқандай өтемақы немесе қолдау алмаған ол үкіметке деген сенімін жоғалтқан.

«Егер үкімет көмектесе алмаса, үкіметтің халыққа не керегі бар?» – деп сөзін қорытты Ербол.

Ерболдың айтуынша, Сержанға жауапты адам Мейіржан есімді ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы. Қазіргі таңда Ербол да, оның жұбайы да бір-бір бүйрексіз қалып, денсаулықтары сыр берген.

Ербол тергеу изоляторында болған уақытта мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайға хат жазды. Жауабыда келді.

Депутатқа Ерболдан құқық қоргау органдары және денсаулық сақтау қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері туралы ашық хат келіп тусті. Мәжілісмен өз кезегінде Бас прокуратураға, денсаулық сақтау министрлігіне, қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№71 мекемесіне» сауал жолдады.

«Хат иесі, өзінің 25 жасында отбасымен бауырларын асыраймын деп шырылдап жүріп изоляторге қалай тускені туралы және осы істің мән-жайын дәлелдеп ешкімге жеткізе алмағаны туралы жан айқайын айтады.
Жоғарыда аталған мәселелерге байланысты, өтініште баяндалган дәледерді мұқият қарауды және Сіздерден өз құзыреттерініздіің денгейінде ақикатты аныктау ушін барлык кажетті шараларды кабылдауды сураймын. Қорғау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы өтініш берушіге және Қазақстан Республикасы мәжілісіне жауап беруді сұраймын» делінген хатта.

Orda.kz тілшісі ота жасалынған клиникаға хирургты іздеп барды. Бірақ медбикелер «ота жасап жатыр» деп кездестірмеді.

Ерболдың жұбайының іш-құрлысы іріңдеп, тағы да ота жасалды. Қазіргі таңда, Ерболды сот алдында қорғай алатын заңгері жоқ. Бір-бір бүйректерінен айырылған отбасы «бүйрек пирамидасын» ұйымдастырды деп сотталып кетуі мүмкін. Айта кететін жайт, Ерболдың 2 жасар ұлы бар.

Алматы полициясы 2023 жылдың шілдесінде адам ағзалары мен тіндерін мәжбүрлеп немесе заңсыз алу фактісі бойынша алдын ала тергеу жұмыстарын бастады. Қылмыс алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен жасалған, деп мәлімдеді полиция департаменті.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close