Қырғызстанда оң рульді автокөліктерге такси қызметімен айналысуға тыйым салынды. Бұл шешім түпкілікті және қайта қаралмайды, деп мәлімдеді Қырғызстан ІІМ, деп жазады qandastar.kz.
Желіде оң рульді көлік иелерінің такси ретінде жұмыс істеуге рұқсат беру туралы өтініштері тараған. Аталған жағдайға Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас басқарма жауап қатты.
Ведомство өкілдері «Автомобиль көлігі туралы» заңның 6-бабының 6-бөлігінің 6-тармағына сәйкес, рульі оң жақта орналасқан автокөліктерді жолаушыларды, багажды және жүк тасымалдау сияқты коммерциялық мақсатта пайдалануға тікелей тыйым салынғанын еске салды. Бұл норма 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген. Сонымен қатар, такси қызметін лицензиялау жүйесі пайда болмай тұрып-ақ мұндай шектеу болғаны атап өтілді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тыйым жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданған. Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда оң рульді көліктердің қатысуымен 21 159 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 34 656 адам жарақат алып, 2 366 адам қаза тапқан. Апаттардың шамамен 60 пайызы осындай көліктердің жүргізушілерінің кінәсінен болған.
ЖҚҚҚЕБ азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып, оң рульді автокөліктерге такси қызметін жүзеге асыру үшін лицензия берілмейтінін тағы да ескертті.



