Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Өндірістік қауіпсіздік қайта қаралды: «Қазақмыс» нақты қадамдарға көшті

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС 2026-2028 жылдарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды трансформациялау стратегиясын бекітті.

Құжат компаниядағы қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде жаңғыртуға және өндірістік тәуекелдерді тиімді басқаруға бағытталған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Стратегиялық сессия компанияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің төрағалығымен өтті. Жиында қауіпсіздік саласындағы басымдықтар айқындалып, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығы басты құндылық ретінде белгіленді.

Компания басшысы өндірістік көрсеткіштер тек қауіпсіздік талаптары толық сақталған жағдайда ғана орындалуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, өлімге әкелетін жазатайым оқиғалардың алдын алу – негізгі міндеттердің бірі.

Стратегия «нөлдік жарақаттану» қағидатына негізделген. Ол екі негізгі бағытты қамтиды: тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және қауіпсіздік саласындағы көшбасшылықты дамыту.

Құжат аясында Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі орталық комитет құрылып, оның отырыстары тұрақты түрде өткізіліп отырады. Сонымен қатар өндірістік нысандарда қауіпсіздік мәселелерін жедел бақылауға арналған ай сайынғы комитет отырыстары енгізіледі.

2026 жыл компанияда «Қауіпсіздік жылы» деп жарияланды. Осы кезеңде басқару жүйесін жетілдіруге, тәуекелдерді талдаудың тиімді құралдарын енгізуге және халықаралық озық тәжірибелерді қолдануға басымдық беріледі.

Жаңа стратегия аясында тәуекелге бағдарланған тәсілдер күшейтіліп, аса қауіпті тәуекелдерді бақылаудың бірыңғай стандарттары енгізіледі. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптары барлық бизнес-үдерістерге, оның ішінде мердігер ұйымдармен жұмысқа толық интеграцияланады.

Компания өндірістік қауіпсіздікті арттырудың маңызды факторы ретінде жабдықтарды жаңғырту мен активтердің сенімділігін арттыруға бағытталған инвестицияларды күшейтуді көздеп отыр.

Айта кетейік, аса қауіпті тәуекелдерді басқару көрсеткіштері басшылар үшін негізгі KPI-лардың біріне айналады. Бұл тәсіл төтенше жағдайларға әрекет етуден олардың алдын алуға көшуге мүмкіндік береді.

Ұзақ мерзімді мақсат – өндірістегі жарақаттану деңгейін кезең-кезеңімен төмендетіп, өліммен аяқталатын оқиғаларды толық жою.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button