Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасына маңызды норма енгізілді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі almaty__press парақшасына сілтеме жасап хабарлады.
«Тауар немесе қызмет сатып алуға қатысты кез келген хат алмасу, бейнеқоңыраулар ресми түрде келісімшарттың бір бөлігі болып есептеледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Instagram тікелей эфирінде хабарлады», — делінген ақпаратта.
Оның айтуынша, егер сатып алушы ақша аударып, ал сатушы хат алмасу барысында, мысалы, үш жылдық кепілдік беремін деп уәде етсе, бұл автоматты түрде келісімшарт күшімен теңестіріледі. Ал шарт бұзылған жағдайда сатушы «келісімшарт болмады» деп жауапкершіліктен жалтара алмайды.
Сонымен қатар заң жобасында сатушыға қатысты айыппұл ұғымы енгізіледі: егер тауар немесе қызмет талапқа сәйкес болмаса, тұтынушы ақшасын толық қайтаруды және өтемақы өндіріп алуды талап етуге құқылы.
Бұл өзгерістер — елде тұтынушыларды қорғау тетіктерін күшейту бағытындағы жүйелі шаралардың жалғасы.



