Әлем жаңалықтарыСаясат

Оңтүстік Корея президенті Солтүстік Кореямен бейбіт келіссөздерді қайта бастауға шақырды

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Корей түбегінде тұрақты бейбітшілік орнату үшін Солтүстік Кореямен диалогты қайта жандандыру қажет екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол өңірдегі шиеленісті азайтып, қауіпсіздік тетіктерін күшейтуге дайын екенін айтты.

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Солтүстік Кореямен келіссөздерді қайта жандандырып, Корей түбегіндегі қазіргі бітім жағдайын тұрақты бейбітшілікке ұластыру қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Жапонияның отарлық билігінен Кореяның азат етілуіне арналған салтанатты шарада сөз сөйлеген мемлекет басшысы Солтүстік және Оңтүстік Кореяның бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылуы маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, Сеул жаңа әскери қақтығыстың алдын алатын сенімді қауіпсіздік тетіктерін қалыптастырып, өңірде тұрақты бейбітшілік орнатуға ниетті.

Ли Чжэ Мён КХДР мен өзге де мүдделі тараптарды диалогқа шақырып, 1950–1953 жылдардағы Корей соғысын ресми түрде аяқтау мәселесін талқылауды ұсынды. Қазіргі таңда тараптар тек бітім туралы келісіммен шектелген, ал бейбітшілік жөніндегі келісімге әлі қол қойылған жоқ.

Президент ықтимал келіссөздер аясында Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын шектеу мәселесін де қарастыру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Оңтүстік Корея өңірдегі шиеленісті кезең-кезеңімен төмендетуге және қауіпсіздікті күшейтетін көпдеңгейлі механизмдерді құруға дайын.

Соған қарамастан, екі Корея арасындағы қарым-қатынас әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бұған дейін КХДР басшысы Ким Чен Ын қайта бірігу саясатын тоқтатып, Оңтүстік Кореяны жау мемлекет деп атаған болатын. Сонымен қатар Пхеньян Сеулдің ынтымақтастық жөніндегі бастамаларын қабылдамай, АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери оқу-жаттығуларын үнемі сынға алып келеді.

Ли Чжэ Мён өз сөзінде Жапониямен арадағы байланысқа да тоқталып, тарихи өткенді ұмытпай, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға және «бейбітшілік пен өркендеудің жаңа 60 жылын» бірге қалыптастыруға шақырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button