Оңтүстік Кореяда өртенген өнеркәсіпте жұмыс істеген Қазақстан азаматы із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.
Ведомство мәліметінше, өрт 30 қаңтар күні Мэндон-мён аймағында орналасқан тамақ және сусын өндіретін кәсіпорында шыққан.
Төтенше жағдай кезінде зауыттан 81 қызметкер эвакуацияланған, алайда екі жұмысшының қайда екені белгісіз болып отыр.
Олардың бірі – Қазақстан азаматы.
31 қаңтар күні таңертең өрт толықтай сөндірілгеннен кейін цех аумағынан бір адамның мәйіті табылған.
Қазіргі таңда полиция марқұмның кім екенін анықтау мақсатында тиісті материалдарды Ұлттық ғылыми-зерттеу институтына жолдады.
СІМ хабарлауынша, Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жергілікті полициямен, өрт сөндіру қызметімен және жоғалған азаматтың жақындарымен тұрақты байланыста.
Аталған жағдай министрліктің бақылауында.


