
Оңтүстік Корея елінің билігі елде заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтарға қатысты көші-қон талаптарын уақытша жеңілдетті. Енді олар елден ешқандай айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбай-ақ шыға алады, деп жазады qandastar.kz
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ерікті түрде елден шығу бағдарламасы 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанға дейін күшінде болады. Осы кезеңде заңсыз мәртебедегі қазақстандықтар Оңтүстік Кореядан ешқандай әкімшілік жазаға ұшырамай, емін-еркін кетуге мүмкіндік алады.
Алайда, бұл мүмкіндіктің шектеулері бар. Бағдарлама қылмыс жасаған, мәжбүрлі түрде елден шығарылуға жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін ғана заңсыз мәртебеге түскен тұлғаларға қолданылмайды.
Бұл бағдарлама екі ел арасындағы миграциялық тәртіпті реттеу және заңсыз еңбек мигранттарының санын азайту тетігі ретінде қабылданған.



