Саясаттанушы Марат Шибұтовтың «Казахстан и все-все-все» Telegram-арнасы«Оператор РОП» пен «Жасыл Даму» компанияларының жұмысын салыстырып, утильалымын жинау мен игеру саласындағы айырмашылықтарға тоқталды. Канал хабарлағандай, мемлекеттік компанияның нәтижелері бұрынғы жеке оператордан едәуір жоғары, деп жазады qandastar.kz
Шибұтов келтірген деректерге сәйкес, «Жасыл Даму» соңғы үш жылда жалпы 1,473 трлн теңге көлемінде төлем жинаған. Оның ішінде:
— отандық өндірушілерден — 723,1 млрд теңге;
— импорттаушылардан — 531 млрд теңге;
— бұрынғы «Оператор РОП»-тан берілген қаражат — 219,2 млрд теңге.
2022-2025 жылдарға жоспарланған шығындар көлемі 1,549 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат Экологиялық кодексте белгіленген бағыттарға жұмсалуда. Атап айтқанда, отандық өндірушілерге 717 млрд теңгеден астам утиль алымы кері қайтарылды. Мемлекеттік бюджетке 174,7 млрд теңге аударылған, оның 128,9 млрд теңгесі — салық, 45,8 млрд теңгесі — дивиденд.
«Бұрынғы «Оператор РОП» 6 жылда бюджетке 54,2 млрд теңгеден артық төлемеген. Бұл — жылына шамамен 8 млрд теңге деген сөз. Ал «Жасыл Даму» жылына орта есеппен 58 млрд теңге төлеп отыр. «Айырмашылық өте әсерлі», — делінген жазбада.
Ең маңызды нәтижелердің бірі — қоқыс инфрақұрылымының қалыптасуы. Жаңа жобалар нәтижесінде:
— ТБО сұрыптау қуаты 2 млн тоннадан 4,3 млн тоннаға өседі;
— қайта өңдеу көлемі 400 мың тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін артады.
«Бұл қоқыс полигондарының санын азайтып қана қоймай, отандық кәсіпорындардың арзан әрі қолжетімді шикізатпен қамтамасыз етілуіне жол ашады», — делінген ақпаратта.



