Жаңалықтар

Оралда әкесін қорғаған әйел күйеуін пышақтап тастады

Фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында отбасылық жанжалдың соңы адам өлімімен аяқталды. Орал қаласының тұрғыны күйеуін пышақтап өлтіргені үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды qandastar.kz.

Сот деректеріне сүйенсек, қайғылы жағдай ерлі-зайыптының тұрмыстық жанжалы кезінде болған. Әйелдің төсек тартып жатқан қарт әкесі бірнеше рет өздігінен дәрет сындырған. Осыған ашуланған күйеу бала әйелге дөрекілік танытып, айқай шығарған.

Жүйкесі сыр берген әйел әкесіне тіл тигізген күйеуінің әрекетіне шыдамай, асүйден пышақ алып, күйеуіне бірнеше рет соққы жасаған. Сараптама нәтижесінде ер адамның денесіне алты пышақ жарақаты салынғаны анықталды. Оның бірі жүрекке, ал басқалары өкпе мен бауырға тиген. Ер адам ауыр жарақаттан оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу кезінде әйел өз кінәсін мойындап, бұл әрекетке күйеуінің жылдар бойғы қысымы мен қатыгездігі себеп болғанын түсіндірген. Сондай-ақ ол төсекке таңылған әкесін бір өзі күтіп, қатты шаршағанын айтқан.

Сот үкімімен әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтін болды.

Бұл оқиға қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым мәселесіне қатысты жаңа пікірталас тудырды.

Back to top button