Әлеумет және қоғам

Оралда бір тәулікте із-түзсіз жоғалған үш адам табылды

Орал қаласында полиция қызметкерлері бір күн ішінде жоғалып кеткен үш азаматты аман-есен тапты. Олардың қатарында кәмелетке толмаған бала мен ерекше күтімді қажет ететін ер адам бар.

Орал қаласында бір тәулік ішінде криминалдық полиция қызметкерлері із-түзсіз жоғалған үш адамды тауып, олардың орналасқан жерін анықтады, деп хабарлайды qandastar.kz сайты zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы жағдайда 2014 жылы туған бала жоғалып кеткен. Оны іздеуге Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің барлық бөлімшелері жұмылдырылды. Жүргізілген жедел шаралардың нәтижесінде жасөспірім қаланың сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінен табылып, ата-анасына аман-есен тапсырылды. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Екінші оқиғада 1993 жылы туған әйел анықталды. Ол шамамен жарты жыл бойы үйіне оралмаған. Ақпан айының соңында анасы полицияға жүгініп, қызын тамыз айынан бері көрмегенін хабарлаған. Іздестіру барысында әйелдің жүрген жері белгілі болып, анасымен қауышты.

Сондай-ақ 1994 жылы туған ер адам да табылды. Ол 2 наурыз күні кешке үйінен шығып кетіп, қайта келмеген. Оның қозғалыс бағыты жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Нәтижесінде азамат бос тұрған үйлердің бірінен табылды. Оның ақыл-есі кем екені белгілі болды. Қазір ол да ата-анасына тапсырылған.

Полиция өкілдері тұрғындарды балаларға қырағы болуға, жақындары жоғалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға және ерекше күтімді қажет ететін адамдарға мұқият қарауға шақырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button