Білім
Оралда оқушы қызды сыныптастары ұрған
Фото: ашық дереккөз
Орал қаласында тұратын әйел қызын сыныптастары ұрып-соққаны жөнінде мәлімдеді, деп жазды qandastar.kz
«Ол 5-сыныпта оқиды. Өзі айтпаған соң жағдайын көріп, оның нөмірінен сыныптастарынан мектепте не болғанын сұрап едім. Сыныптастарының жазғанын көріп, шошыдым. Сыныптастарының үшеуі ұрып, екеуі телефонын тартып алып, бір-біріне лақтырып тұрыпты, жерге де түсірген. Бір сыныптасы директорының орынбасарын шақырған. Жағдайды анықтау барысында сыныптастары оған артық салмағы және көзілдірік таққаны үшін буллинг жасалатынын айтты», деп жазады әйел.
Оның мәлімдеуінше, сол күні ұрып-соққан жерін жарақат пунктінде түсірген. Қызының миы шайқалып, басы, қолы мен жамбасының еті көгерген.
Анасының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде қызында жарақаттан кейін энцефалопатия және ишемиялық оптикопатия (көз көруінің нашарлауы) пайда болған. Бұдан кейін тағы да шағым түсірген соң қызын сот-медициналық сараптамаға жіберген.
«Қызымның көңіл-күйі жоқ, басы ауырып, құсқысы келеді. Ата-аналар мен мектептің үстінен сотқа шағым бергім келеді. Қызым өзін келемеж жасайтын болған соң айтпаған. Мұның бәрі мектеп қабырғасында болған. Не мектеп, не ата-ана, есепке қойғаны болмаса, жауапқа тартылған жоқ. Егер сау бала жарақат алса, зардаптары мұндай болмас еді. Ал оның көзіне әсер етті, мүгедектікке беріп жатырмыз», дейді әйел.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, Орал қаласы тұрғынының өтініші бойынша Шаған полиция бөлімі материал жинақтаған. Сосын оны қарау үшін Орал қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолдаған.
«Аталмыш оқиға комиссия төрағасы, Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Тапишевтің, оқушылар мен олардың заңды өкілдері, психологтар мен педагогтердің қатысуымен қаралды. Комиссия шешімі бойынша оқушылардың ата-аналарына балаларын тәрбиелеу туралы ескерту жасалды. Сондай-ақ тәртіп бұзған оқушылар оқитын мектептің атына, полиция және білім беру бөліміне осыған ұқсас жағдайларды қайталамау мақсатында ұсыныстар берілді. Мектепке кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы бекітілгенін хабарлаймыз. Сонымен қатар бейнебақылау камералары орнатылған. Оқушылар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар ұдайы жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.