Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарҚаржы және төлемдерСараптамаЭкономика және бизнес

Орталық Азияда көшбасшы: Қазақстан инвестиция қарқынын қалай арттырып жатыр?

Micky’s Institute of Global Research and Development жаңа зерттеуінде Қазақстанның инвестициялық саясаты бағаланды. Зерттеуге сәйкес, еліміз инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көшбасшы болып отыр, деп жазады Qandastar.kz ақпарат порталы. 

Ұлттық банк деректері бойынша, Қазақстанға жыл сайын орта есеппен 20 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) түседі. Мысалы, 2021 жылы ТШИ көлемі 23,8 млрд доллар, 2023 жылы 23,9 млрд доллар болды, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 10,1 млрд доллар тартылды. Қазақстан Орталық Азияға кіретін барлық шетелдік инвестицияның шамамен 60%-ын алады. Бұл көрсеткіштер дамушы нарықтардағы жалпы инвестор сенімінің төмендеуі жағдайында айқын көрінеді.

Сарапшылар Қазақстанның тұрақтылығын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген институционалдық реформалармен байланыстырады. Бұл реформалар, әдетте «Тоқаевтың инвестициялық циклы» деп аталады және ол үкіметтің белсенді қатысуын, шешім қабылдау процесінің жеңілдеуін және шетелдік капиталдың шикізаттық емес секторларға бағытталуын қамтамасыз етеді.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығының негізі –  макроэкономикалық тұрақтылық. Әлемдік шикізат нарықтарының әлсіреуі мен геосаяси шиеленістің күшеюіне қарамастан, биыл ел экономикасы шамамен 6% өсім көрсетті. Бұл өсім тек энергетика саласымен ғана емес, қызмет көрсету саласы, ірі инфрақұрылымдық жобалар, логистика және жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар арқылы қамтамасыз етілді. Халықаралық рейтингтер де осы прогресті көрсетеді. 2025 жылғы IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 69 елдің ішінде 34-орынға көтеріліп, Жапония, Үндістан және Испанияны артта қалдырды.

– Елімізде инвестицияның бағыттары өзгерген. Баяғыдай тек шикізат емес, терең өңдеу, химия, агроөнеркәсіп, тамақ өндірісі, машина жасау мультипликативтік эффектіні көбірек береді. Біз өңдеу өнеркәсібінің 2-цикліне аяқ басқалы тұрмыз. Инвестициялық заңдарымыз, кепілдіктеріміз дамыған. Британ құқығы бар, даулар халықаралық арбитражда қаралады. Сондықтан инвесторлар бізден қашпайды, – дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.

Экономист Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позициясының жақсаруы да маңызды фактор екенін атап өтті. S&P агенттігі елдің кредиттік болжамын «тұрақтыдан» «позитивтіге» көтерді. Оның айтуынша, институционалдық және экономикалық реформалар, қатаң фискалдық ережелер бюджет тапшылығын азайтып, мемлекеттік қарыз деңгейін тұрақтандырады. Экономиканы әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар – инвесторларға үлкен сигнал.

Цифрлық мемлекеттік басқару да маңызды артықшылық болып отыр. БҰҰ электрондық үкімет индексінде Қазақстан әлемде 24-орында және онлайн мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша жетекші ондыққа кіреді. Бұл әкімшілік шығындарды азайтуға, келісімдер процесін жылдамдатуға және инвесторлар үшін ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2024-2029 жылдарға арналған инвестициялық саясат тұжырымдамасы логистика, жаңартылатын энергия, өңдеу өнеркәсібі, агроөңдеу және цифрлық инфрақұрылым сияқты секторларда өлшенетін нәтижелерге негізделген ынталандыруға басымдық береді. 2023 жылдан бастап Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб 210-нан астам жобаны қолдап, шамамен 113 млрд долларлық инвестиция тартты және әкімшілік кедергілерді жою, инвесторларды қорғауды күшейту мақсатында 172 заңнама түзетулерін енгізген.

Мысалы, осы жылы KIA автомобиль зауыты пайдалануға беріліп, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 2025 жылы 33 жобаның инвестициялық келісімдері бойынша негізгі шарттар бекітіліп, жалпы сомасы шамамен 11,87 трлн теңгені құрады, бұл негізгі инвесторлар үшін болжамды жағдай жасайды.

Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар бойынша комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов инвесторлардың елді таңдаудағы негізгі критерийлерін, соның ішінде Қазақстанның орнын талдады.

– Әр инвестор мемлекетті таңдағанда логистикаға мән береді. Өйткені шығарған тауары үлкен нарыққа арзан әрі тез жетуі керек. Осы тұрғыда Қазақстанның Орта Азиямен салыстырғанда орналасқан жері ұтымды. Тоғыз жолдың торабында тұрмыз. 13 дәліз өтеді, соның ең ірісі – Транскаспий орта дәлізі. Қазіргі тауар тасымалын бір күнге дейін қысқарту жоспарда бар, – деді ол.

Қазақстан экономиканы инвестицияға негіздеп дамыту үшін даму институттарын да қайта құрастырып отыр. Мәселен, «Бәйтерек» ұлттық холдингі инвестициялық холдингке айналды, инфрақұрылымдық, индустриялық және экспортқа бағдарланған жобаларды қолдауға қосымша функциялар алды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы өз экожүйесі арқылы инвестиция тартуды жалғастырып келеді, онда ағылшын жалпы құқық нормалары бойынша жұмыс істейтін тәуелсіз сот жүйесі мен реттеу механизмі бар.

2018 жылдан бері АХҚО платформасы арқылы шамамен 19 млрд доллар инвестиция тартылды, ал 2025 жылы салықтық және инвестициялық резиденттік бағдарламаларды кеңейту туралы хабарланды.

Инвестициялық реформалармен қатар Қазақстан фискалдық тұрақтылық пен әлеуметтік дамуға да үлкен мән береді. 2026 жылғы мемлекеттік бюджет шығыстары шамамен 27,3 трлн теңгені құрап, ЖІӨ-нің 14,8%-ын құрайды, оның 39%-ы әлеуметтік шығындарға бөлінеді. Мемлекеттік қаржыларды классификациялау OECD және ЕС стандарттарына сәйкестендіріліп, ұзақмерзімді инвесторлар үшін ашықтықты арттырып отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button