Кентау қаласында болған газ жарылысы салдарынан ауыр жарақат алған 20 жастағы Бағдаулет Мұса ауруханада көз жұмды. Ол қымызханада орын алған жарылыс кезінде денесінің 90 пайызы күйіп, дәрігерлер сегіз күн бойы өмірі үшін күрескенімен, жас жігітті аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы Instagram желісіндегі Jagdaikz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оқиға орнында өрт сөндіргіш құралдар болмаған. Сол себепті жалынға оранған жігітті қымыз құйып өшіруге тырысқан.
«Бұл жағдай өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел сақталмағанын көрсетеді», — дейді жақындары.
Аталған қайғылы оқиға Бағдаулеттің қалыңдығы — 18 жастағы Дана есімді бойжеткеннің де өмірін қиды. Ол жарылыс болған күні оқиға орнында қаза тапқан. Қайғылы жағдайға дейін бір күн бұрын ғана жас жұп көктемде үйленуді жоспарлаған.
Бағдаулет Мұса болашағынан зор үміт күттірген жас футболшы болған. Ол аталған дәмханада аспаз болып небәрі бір ай ғана жұмыс істеген.
Марқұмның отбасы мен жақындары кінәлілердің заң аясында қатаң жазалануын талап етуде.



