Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарМәдениет
«Орын табылатын шығар»: Қазақстанда Қызылордадан басқа жерде Мұстафа Шоқайдың ескерткіші жоқ
Фото: ашық дереккөз
«Қазақстанда Сыр өңірінен басқа жерде Мұстафа Шоқайдың ескерткіші жоқ». Әлеуметтік желіде осындай хабар тарады, – деп жазады qandastar.kz.
«Алматы мен Астананың бір бұрышынан Алаштың ардақты ұлына, қазақтың қайраткер тұлғасына орын табылатын шығар. Түркі бірлігін көздеген арда азаматқа арнап, еліміздің мегаполистерінде де ескерткіш орнатуды ұсынамыз. Бұл бастаманы сенатор Дархан Қыдырәлінің Қызылорда қаласына сапары барысында ғалым Сағат Тайман көтерді. Дұрыс ұсыныс!», – деп жазды журналист Азиз Батырбеков.
Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда Сыр бойындағы Наршоқы деген жерде дүниеге келген. Ол – бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат. Алаш партиясында болды, Түркістан автономиясының басында тұрды. 21 жыл Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға.
Мұстафа Шоқай деген еді…
- Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi.
- Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.
- Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз.
- Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.
- Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейдi, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.
- Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн.
- Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?
- Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.
- Жалпы адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.
- Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды.
- Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады.