
Фото: ашық дереккөз
Ресейде әлемдегі орыс тіліндегі білімнің қазіргі жай-күйіне қатысты кең ауқымды зерттеу жүргізілді. Нәтижелері халықаралық орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығы дайындаған жинақта жарияланған, деп жазды qandastar.kz
Зерттеу барысында Орталық Азия елдеріндегі, соның ішінде Қазақстандағы орыс тілінің оқытылу деңгейіне ерекше назар аударылған.
Мамандар тапшылығы мен кадр мәселесі
Авторлар Қазақстанда орыс тілін оқытатын педагогтардың жас құрамы алаңдатарлық деңгейде екенін атап өтеді. Зерттеуде «педагог кадрларының қартаюы» құбылысы айқын байқалатыны айтылған. Яғни, жас мұғалімдердің жетіспеуі – орыс тілі мен орыс тілінде білім берудің болашағына ықпал етуі мүмкін.
Орыс тілі жаңа тілдермен бәсекеде
Зерттеу авторлары Қазақстанда орыс тіліне қатысты инфрақұрылым мен оқыту жүйесі бұрыннан жақсы жолға қойылғанын мойындай отырып, қазіргі таңда ағылшын, түрік және қытай тілдерімен бәсеке күшейгенін атап өткен. Бұл – білім беру жүйесінің жаһандану үдерісіне бейімделуімен тікелей байланысты.
Осыған байланысты зерттеуде аймақта, әсіресе Қазақстанда, жаңа орыс тілі кабинеттерін ашу қажеттігі туралы ұсыныс білдірілген. Бұл бастама Ресей тарапынан қолдау тауып отыр.
Ресей қаржылық қолдауды ұлғайтып отыр
Контекст ретінде атап өтуге болады: Ресей 2025 жылы шетелдерде орыс тілін дамытуға бөлетін қаржыны үш есе арттырған. Бұл мақсатқа 412 млн рубль (шамамен 2,7 млрд теңге) бағытталып отыр. Қаражаттың бір бөлігі Қазақстанда да орыс тілінің ықпалын арттыру шараларына жұмсалмақ.