Әлеуметтік желілерде жанармай құю бекетінде түсірілген видео қызу талқылануда. Кадрларда кассир мен клиент арасындағы тіл мәселесіне байланысты туындаған дау көрінеді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Instagram желісіндегі jagdaikz парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видео сипаттамасына сәйкес, кассир әйел ер адамнан орыс тілінде сөйлеуді сұрап, өзінің «қазақ емес екенін» алға тартқан. Бұған жауап ретінде клиент орыс тілін түсінбейтінін айтып, қазақ тілінде сөйлесуді ұсынған.
Әңгіме қысқа уақыт ішінде шиеленісіп, желі қолданушылары арасында кең резонанс тудырды. Пікір білдірушілердің бір бөлігі азаматтардың өз ана тілінде сөйлесу құқығын қорғап шықса, енді бірі мұндай жағдайларда өзара сабырлы диалогтың маңызды екенін атап өтті.
Оқиғаның нақты қай жерде болғаны және тараптарға қатысты қандай да бір шара қолданылғаны әзірге белгісіз. Ресми органдар бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ.



