
Өскемен қаласының тұрғындары өз қолдарымен көпір тұрғызды, деп жазады qandastar.kz
Өскемендегі 20-шағын ауданның тұрғындары бірнеше жылдан бері көпір салу мәселесін көтеріп келген. Әкімдік жобаның қымбаттығын алға тартып, оны жүзеге асырудан бас тартқан соң, жергілікті жұрт мәселені өздері шешуге бел буған.
Көпір салу бастамасын ауған соғысының ардагері Қыдырғазы Баймұратов көтеріпті. Тұрғындар өз күшімен жинақ ұйымдастырып, әр отбасы шамамен 40 мың теңгеден қаржы қосқан. Құрылысты да халықтың өзі қолға алған.
Жаңа көпірге “Алашорда” деген атау берілген. Бұл өткел бұрын тұрғындардың бес шақырым айналып өтетін жолын айтарлықтай қысқартып, уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетерлігі, алғашқы көпір бір жыл бұрын салынғанымен, ауыр жүк көліктерінің жүруінен конструкциясы зақымдана бастаған. Сол себепті биыл тұрғындар қайтадан асар жасап, материал сатып алып, көпірді нығайтқан.



